00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды
Фото: Василий Крась

Бүгін қаладағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша колледж студенттерінің қатысуымен жиын өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жиынға Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина қатысып, қазіргі жастар арасындағы мәселелерге тоқталып, студенттерге өз тілегін білдірді.

«Әр баланың балалық шағы жақсы әрі бақытты өтуі ата-анасы мен қоғамға байланысты деп айтар едім. Қазір соңғы кезде қоғамда жастар арасында суицид оқиғалары көбейіп, ұрып-соғу, қысым көрсету сияқты жағдайлар көбейді. Мұндай жағдайларды азайту үшін жастар арасында әр әрекет үшін жауап беру керек екенін түсіндіру керек. Сондықтан да қазіргі жастарға айтарым, достар мен таныстар арасында әр мәселені бейбіт жолмен шешуге болады. Сондықтан да жастар білім алып, табысы жоғары жұмысқа кіріп, үлгілі отбасы құруға ұмтылу қажет», - деді Әсима Бимендина.

Астана қаласы Полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімнің аға инспекторы Гүлмира Шрахметова халықтың құқықтық сауатын арттыру туралы айтып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы баяндама жасады.

«Көп жағдайда адамдар тұрмыстық зорлық-зомбылық не екенін немесе болған жағдайда қалай әрекет ету керек екенін білмей жатады. Шын мәнісінде біз барлығымыз сондай жағдайды әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы көрген кезде жанымыз ашып, өкініш білдіріп жатамыз. Мұндай жағдайда зардап шеккен жандардың жақындары қолдау білдіріп, дұрыс шешім қабылдауға көмектесуі қажет», - деді Гүлмира Шрахметова.

Жиын барысында «Әкелер одағы» РҚБ Астана қаласы филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай әкелердің қоғамдағы рөліне тоқталса, АИФЕТ Еуропалық ұйымының мүшесі, Дүниежүзілік қазақ әйелдерін қолдау қауымдастығының төрайымы, «Тілдес КЗ» Халықаралық тобының жетекшісі Үміткүл Дәуленова еліміздегі іскер әйелдердің мүмкіндіктері туралы айтты. «Рухани қоғам әлемі» президенті Лимана Қойшыева тұрмыстық зорлық-зомбылықтағы адамның психологиялық ахуалы туралы түсіндірді. Сонымен қатар студенттер тарапынан тақырыпқа байланысты сұрақтар қойылып, тиісті жауап берілді.