Елордада тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы заңнама өзгерістері талқыланды

Бүгін, 16:58
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордада тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы заңнама өзгерістері талқыланды
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтынан

Астанада тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша ҚР заңнамасындағы өзгерістер талқыланды. Жиынды қалалық орта сапасы мен бақылау басқармасы прокуратураның үйлестіруімен өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Талқылауға құқық қорғау органдарының, ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің, қаланың нотариаттық палатасының және «Krisha.kz», «Korter.kz» маркетплейстерінің өкілдері қатысты.

Басқарма басшысы Ғани Тажиевтің айтуынша, 2024-2025 жылдар аралығында «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңы талаптарын бұзғаны үшін 95 құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 90 млн теңге айыппұл салынған.

Қазіргі таңда құқық қорғау органдары шамамен 11 қылмыстық істі тергеп жатыр.

Жиын барысында «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ, Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы және «Қазақстан құрылысшылар одағы» өкілдері сөз сөйледі.
Көппәтерлі тұрғын үй кешендеріне рұқсат пен Бірыңғай оператордың кепілдігі болмаса, олардың жарнамасын жасауға, қолма-қол емес есеп айырысулар жүргізуге және ипотекалық несие беруге тыйым салу мәселелері қаралды.

Айта кету керек, Заңға сәйкес, құрылыс салушыларға салынатын айыппұл мөлшері 2000 АЕК-ке (7 864 000 теңге) дейін арттырылып, жауапкершілік күшейтілді.

Заң талаптарын бұзу заңдық жауапкершілікке әкеп соқтырады және адал емес құрылыс салушылар тізіміне еніп, олардың қызметіне шектеу қойылуы мүмкін.