Елордада мемлекеттік қызмет туралы жаңа Заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті

3 маусым, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада мемлекеттік қызмет туралы жаңа Заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті
фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Бүгін Maqsut Narikbayev University базасында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Дөңгелек үстел жұмысына Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Д. Жазықбай, Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасы Т. Нәрікбаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары М. Әбенов және М.Башимов, Конституциялық Сотының төраға орынбасары                                Б. Нұрмаханов, Ұлттық экономика вице-министрі А. Дарбаев, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Б.Нұрғазиева, Парламентризм институты директорының орынбасары Б. Бекжанов, «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры Б. Ракишева, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры И.Әубәкірова, сондай-ақ мемлекеттік органдар жанындағы Қоғамдық кеңестердің төрағалары, заңгер-ғалымдар, мемлекеттік басқару саласындағы сарапшылар мен мамандар қатысты.

Жаңа Заң жобасы Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024 - 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленді. 

Агенттік төрағасы өз сөзінде Заң жобасында мемлекеттік қызметтің миссиясы, міндеттерімен талаптары жаңаша айқындалғанын атап өтті. Ол азаматтардың сұраныстарына және қажеттіліктеріне жауап беретін сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды одан әрі заңнамалық тұрғыдан жетілдіру барысы туралы айтты.

«Мемлекет басшысының «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін деген» іргелі қағидасы мемлекеттік аппараттың жұмысын ашық, адамға бағдарланған сипатта ілгерілетуді талап етеді. Жаңа Заң жобасы мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының адамға бағдарланған үлгісін бекітуді көздейді. Отансүйгіштікті, ашықтық пен кәсібилікті, клиентке бағдарлану мен құқық бұзушылықтарға төзбеушілікті қамтитын талаптарды заңнамалық тұрғыдан бекіту жоспарлануда», - деді Дархан Жазықбай.

Заң жобасында кәсібиліктің, әдептіліктің, адамгершіліктің, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік және қоғамдық мүдделерге адалдығын қамтамасыз етуге бағытталған мінсіз бедел институтын енгізуқарастырылған. Мінсіз беделге қойылатын талаптар тағайындау кезінде қосымша шектеулерді енгізуді көздейді, ал оның болуы мемлекеттік лауазымдарға тағайындау және қызметте ілгерілеу кезінде негізгі өлшемдердің біріне айналады.

фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Елімізде мемлекеттік қызметтің гибридтік моделін енгізу шаралары  аясында  бағалау, оқыту және тағылымдама нәтижелерін ескере отырып бір лауазым шеңберінде «Б» корпусы қызметшілеріне деңгейлес көлденең өсу тетіктерін қалыптастыру жоспарлануда. Аталған норма мемлекеттік қызметшілердің кәсіби өсуін қосымша ынталандыратын болады.  

Заң жобасында мемлекеттік қызметшілерге мемлекет пен қоғамның мүдделерін қорғау қажеттілігі туындаған жағдайда жауапкершіліктен және бюрократиядан қаймықпай басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін нормаларқарастырылған. 

фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Тағы бір өзгеріс – ішкі конкурстарды жою.Бұл кадрлық іріктеу мүмкіндігін кеңейтіп, мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартуға жол ашады деп күтілуде.

Сонымен қатар, Жапония мен Сингапур тәжірибесіне сүйеніп, жастарды мемлекеттік органдарға тарту мақсатында мектеп және университет деңгейін қамтитын ерте кәсіптік бағдарлау институты құрылады. Бастамадарынды жастарды мектеп жасынан бастап мемлекеттік қызметке ынталандыруға мүмкіндік береді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Агенттік әзірлеген мемлекеттік қызмет туралы жаңа Заң жобасының негізгі жаңашылдықтарын жан-жақты талқылады. Қатысушылардың пікірінше, ұсынылып отырған заңнамалық шаралар мемлекеттік аппараттың тиімді қызмет етуіне, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметіне қоғам сенімінің артуына ықпал етеді.

Іс-шара қорытындысында сарапшылар Заң жобасына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ғылыми-сараптамалық қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.