00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада күн сайын қызылшаның 30-дан астам жағдайы тіркеледі

13 желтоқсан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада күн сайын қызылшаның 30-дан астам жағдайы тіркеледі
фото: gov.kz

Астана қаласының коммуникациялар қызметінде елорданың эпидемиологиялық жағдайы және қызылша ауруын төмендету бойынша алдын алу шаралары туралы қалалық бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сархат Бейсенова, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева, №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының балалар жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баешеваның қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің сөзінше, елордада күн сайын қызылшаның 35-ке жуық жағдайы тіркеледі. 

Биыл наурыз айынан бастап қызылшаның 2 537 бастапқы жағдайы тіркелді. Оның ішінде 806 жағдай расталған диагноз және оның 71 пайызы - 14 жасқа дейінгі балалар арасында, 9 пайызы - жасөспірімдер, 20 пайыз - ересектер. Науқастар арасында вакцинация алмаған балалардың үлесі 70 пайызды құрады және 24 пайыз - егу мәртебесі белгісіз ересектер. Екпе алып, кейін ауырып қалған балалардың үлесі тек 6 пайыз ғана. Елордада қызылша ауруымен тығыз байланыста болған адамдардың вакцина алудан бас тартуы орын алуда. Қызылшамен ауырғандардың ішінде 48 пайызы жоспарлы тәртіппен жүргізілетін вакцинациядан бас тартқан. 27 пайызы медициналық қарсы көрсетілімі бойынша, 17 пайыз егу жасына жетпеген  және 7 пайыз ата-аналарының немқұрайлылығы себебінен вакцинация алмағандар,- деді Сархат Бейсенова.

Елордада қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру үшін профилактикалық және эпидемияға қарсы іс – шаралар жүргізіліп жатыр. Қосымша жаппай иммунизация шеңберінде қамтылуға жататын 20 302 адам вакцина алған. Сонымен қатар егу күнтізбесі бойынша уақтылы егілмеген 4326 балаға екпе салынды. Ошақтарда 30 жасқа дейінгі байланыста болған 1 886 адам вакцина алған. 

Қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация жалғасуда. 12-15 айлық аралығындағы сәбилер санынан қызылшаға қарсы жоспарлы екпемен 92,3  пайыз және 6-7 жастағы балалар арасында 92,6 пайыз қамтылды. Қызылшаға қарсы вакцина 60 жыл бойы қолданылып келеді және аурудың таралуын тоқтату үшін ұсынылады. Сол себепті,  мен ата-аналарды қызылшаға қарсы балаларды уақтылы вакцина алуға, сонымен қоса 6-10 айлық және 2-4 жастағы балаларға қосымша иммунизация алуға шақырамын,- деді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.