Астанадағы инватаксилер саны артты
Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elorda.info.
Биыл инватакси саны 30 бірлікке жуық артты. Мәселен, былтыр 117 көлік болса, қазір 145 көлік бар. Инватаксидегі маңызды мәселе – мүгедектігі бар жандарды кресло-арбамен тасымалдауға арналған мамандандырылған машиналар санын арттыру. Мұндай арнайы машиналардың саны 26-ға дейін өсті. Бүгін Көлік министрі Марат Қарабаевпен осындай арнайы машиналардың артықшылықтарымен таныстым, - деді Жеңіс Қасымбек.
Қала әкімінің сөзінше, елордада соңғы екі жылда инватакси саны 2 есеге жуық артқан.
Жалпы, соңғы екі жылда инватакси саны 2 есеге жуық артты. Инватакси мүгедектігі бар жандарға тең мүмкіндіктер береді, олардың әлеуметтік интеграциясына және өмір сүру сапасына, қозғалу еркіндігін жақсартуға әсер етеді. Жаңа техника көрсетілетін қызметтердің жылдамдығын, үйлесімділігін және тиімділігін арттырады. Сол сияқты оңалту орталықтарының желісін, қалалық ортаның қолжетімділігін, протездік-ортопедиялық көмекті, санаторий-курорттық емдеуді және т.б. кеңейту бойынша жұмыс істейміз, - деп жазды әкім.