Елордада бірнеше күнде 1 341 мопед тіркеуден өтті


5 сәуірден бастап мопедті заңды түрде басқару үшін А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі болуы шарт. Сонымен қатар мопедті полиция органдарында тіркеу, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру полисі мен техникалық байқаудан өткені туралы құжат қажет. Биыл 5 сәуірден бастап Қазақстанда «Жол жүрісі туралы» заңға және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, енді мопедтер ресми түрде механикалық көлік құралдарына теңестірілді. Бұл туралы Астана қаласының Коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Махамбет Төлешов мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Спикер сөз басында жаңа заңнамаға сәйкес, мопедтерге көлемі 50 текше сантиметрге дейінгі іштен жану қозғалтқышымен немесе қуаты 4 кВт-қа дейінгі электрқозғалтқышымен жабдықталған көлік құралдары қатарына жататынын айтты. Қарапайым техникалық сипаттамаларына қарамастан, мопедтердің жол қозғалысына қатысуы жүргізушінің де, айналадағы адамдардың да өміріне қауіп төндіреді. Сол себепті мемлекет бұл саладағы бақылауды күшейтіп отыр.
«Енді мопедтер де кәдімгі көлік құралдары сияқты міндетті түрде тіркелуі қажет. Олардың иелері де көлік жүргізушілеріне қойылатын талаптарға сай рәсімдерден өтуі тиіс», - деді Махамбет Төлешов.
Тіркеу тұрғынның тұрғылықты жері бойынша арнайы ХҚО-да жүргізіледі. Ол үшін жеке куәлік, мопедтің техникалық құжаты немесе сипаттамасы қажет. Одан кейін өтініш толтырып, мопедті тексеруден өткізіп, мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Бұл талаптар барлық мопед иелері үшін міндетті.
14 сәуірдегі мәлімет бойынша Астанада 1 341 мопед тіркелді, оның 253-і – шеринг компанияларына тиесілі.
«Біз оң үрдісті байқап отырмыз. Бірақ әлі де болса талаптарды білмейтін немесе тіркеуді кейінге қалдырып жүрген азаматтар бар. Тіркеу міндетті екенін ескертеміз. Ол болмаған жағдайда заң аясында жауапкершілік қарастырылған», - деді Махамбет Төлешов.
Әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, тіркелмеген көлікті басқару, жүргізуші куәлігінің немесе сақтандыру полисінің болмауы – әкімшілік жауапкершілікке және айыппұлға әкеледі.
Астана қаласының Полиция департаменті мопед пен самокат иелерін тексерулерді күтпей, тіркеу талаптарын алдын ала орындауға шақырады.



