Елордада «Қазақ күшінің картасы» жобасының тұсауы кесілді

8 сәуір, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елордада «Қазақ күшінің картасы» жобасының тұсауы кесілді
Фото: Дариға Бекбау

Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Baluan tas ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының кітап көрмесі мен бірегей жобасының тұсаукесері өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жиынға танымал журналист, сенатор Бибігүл Жексенбай және оның жетекшілігіндегі «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, сондай-ақ спорт пен мәдениет, білім-ғылым және ақпарат салаларының қайраткерлері мен өкілдері қатысты. 

Baluan tas ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті академиясы – қазақ халқының барлық дәстүрлі спортын сақтау, дамыту және халықаралық деңгейде танымал етуге бағытталған орталық. 17 наурызда құрылған орталық ұлттық спорт түрлерінің физикалық, рухани-мәдени және зияткерлік құндылықтарын зерттеп, болашақ ұрпаққа жеткізуді және спорт арқылы елдік рухты күшейтуді көздейді. 

Жиында академияның құрылтайшысы, белгілі күш мәдениетін зерттеуші, спорт мәдениетіне арналған бірнеше кітаптың авторы Абылайхан Қалназаровтың «Қазақ күшінің картасы» атты арнайы жобасы таныстырылды. Өз кезегінде жобаның басталуын білдіретін арнайы символдық қызыл лентаны «Бас редакторлар клубы» президенті Бибігүл Жексенбай, «Тас палуан» лақабымен танымал атлет, КИНЕС рекордтар кітабының рекордсмені Арман Сүлеймен және басқа да елге танымал азаматтар қиды.

Фото: Дариға Бекбау

Танымал журналист, сенатор Бибігүл Жексенбай аталған жобаның қазақтың күш өнерін дәріптеуде маңызы зор екенін айтты. 

«Жақында ғана құрылған Baluan tas ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы алғашқы қадамдарын жасап, қоғамға кеңінен танылу үшін жұмыс жоспарын құрып жатыр. Бұл жобаның жастарымызды ұлттық мәдениетке, қазақтың ертеден келе жатқан күш өнері мен дәстүрлі спорт түрлеріне қызықтыру мақсатында маңыздылығы жоғары. Мемлекет басшысы ұлттық спорт түрлерінің дамуына ерекше мән беріп, олардың ел мәдениеті мен бірлігін нығайту жолындағы маңыздылығына назар аударып отыр. Сонымен қатар Президент Ұлттық құрылтайдың отырыстарында ұлттық салт-дәстүр мен спорттың маңыздылығын бірнеше мәрте атап өтті. Қазіргі таңда біздің қоғамымыз үшін ұлттық мұраны сақтау және жаңғыру мәселесі өзекті болып отыр. Осы бағытта Абылайхан Қалназаров сияқты азаматтарымыздың еңбектері мен бастамалары біз үшін маңызды және оған қолдау көрсетуіміз керек», - деді Бибігүл Жексенбай. 

Сонымен қатар сенатор балуандардың ерлігі туралы ғана емес, олардың аналары туралы да насихат қажет екенін атап өтті. 

«Қазақ халқының батырлары мен балуандары ішінде аналарымыздың да орны ерекше екенін атап өткен жөн. Әсіресе олардың күш-қайраты мен батырлығы ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып келіп жатыр. Дариға, Айсәуле, Ұмсын сияқты күрес сұлулары қазақтың дәстүрлі спортында мәңгілік сақталып қалды. Ол қазақ әйелдерінің қай ғасырда болмасын қайсарлығын, қиындықтарға мойымауын, ел үшін күресуге дайын екенін көрсетті. Алып анадан туады демекші, балуандар туралы айтылғанда олардың аналары туралы да халыққа айтылса жақсы болар еді», - деді Бибігүл Жексенбай.

Жиын қатысушыларына жоба құрылтайшысы Абылайхан Қалназаров ұлттық мұраны дәріптейтін ерекше жоба туралы айтып берді.

«Қазақ күшінің картасы» атты жобамыз  - академия қолға алған алғашқы бастама. Жоба аясында біз балуандар көтерген тастардың географиясын анықтап, картасын жасауды мақсат етіп отырмыз. Себебі оларды құрылысқа пайдаланып жүрген жағдайлар кездесіп жүр», - деді жоба құрылтайшысы.

Фото: Дариға Бекбау

Сонымен қатар Абылайхан Қалназаров қазақ күресі мен палуандар, асық ату және көкпарға қатысты бірқатар кітаптарының демоверсияларын таныстырды. 

«Мен бұл салада бұрыннан бері еңбек етіп келемін. Спорт және күш мәдениеті тақырыбында жазған кітаптарым да бар. Жалпы 8 кітап баспаға дайын тұр, тек қаржы мәселесін шешу қажет. Кітаптарда қазақ күресі, асық ату, көкпар, тоғызқұмалақ  және балуандар туралы жазылған», - деді Абылайхан Қалназаров.

Сондай-ақ шара барысында академияның жұмысы мен жоспары талқыланды.

«Қазақ күшінің картасы» жобасының басты міндеттері келесідей:

  • Балуан тастардың географиялық орындарын карталық тізімге енгізіп, тарихи және мәдени-спорттық мұра ретінде сақтауға жол ашу (материалдық және материалдық емес).
  • Балуан тастарға қатысты аңыз-әфсана, хикаялары мен ел аузындағы әңгімелер, тарихи деректерді жинақтау және осындай көшпенділік салауатты өмір салты мен спорттық-жауынгерлік ерлік дәстүрін ғылыми айналым мен ақпараттық өріске енгізу.
  • Тарихтағы палуандар мен балуан тастарды қазіргі реалийлерге идеологиялық құрал ретінде ыңғайлау (Жастар мен жасөспірімдерді ата тарихтағы балуандар өнегесі арқылы спорт пен азаматтыққа баулу).
  • Ауыр тастарды таныстыру арқылы алып күш иелері мен қазақ күресінің тарихи рөлін көрсету және сол арқылы ұлттық идентификацияны күшейту.
  • Қазақстанның брендтік-туристік маршруттық әлеуеті мен спорттық-мәдени тартымдылығының артуына атсалысу.

«Тас палуан» лақабымен танымал атлет Арман Сүлеймен бұл жобаны жеке бір ұйым яки тұлға емес, мемлекетттің өзі басшылыққа алып атқаруы керектігін атап өтті.

«Мен Абылайханмен саясат, қоғам, заман, ұлттық спорт бағыттары бойынша ұдайы пікірлесіп отырамын. Оның «Балуан тас» қостомдығын да оқып шықтым. 500-ге жуық түркі-қазақ палуандарының дерегі келтірілген. Ендігісі, оның сол кітаптардан басталған игі ісінің үлкен ұйымға айналып, өз алдына жоба жүргізе бастағанына куә болып отырмыз. Басқасы басқа, мәдениеттанушы деген дипломын ақтаған бір адам болса, осы Абылайхан болар. Ақ батамызды беріп, сәттілік тілеп отырмыз», – деп пікір білдірді.

Бұдан әрмен ынтымақтастықты жалғастыру үшін Baluan tas пен «Бас редакторлар клубы» арасында өзара іс-қимыл бойынша меморандум жасалды. Сонымен қатар Baluan tas ұжымына кіретін Silteme.kz ақпараттық порталы негізінде Абылайхан Қалназаров «Бас редакторлар клубы» мүшелігіне қабылданды.

Айта кетейік, аталмыш жиын «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, Ұлттық академиялық кітапхананың, Ұлттық спортты қолдау қорының қолдауымен өткізілді.