Астанада қар тазалауға 2,6 мыңнан астам жол жұмысшысы шықты

30 желтоқсан, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Астанада қар тазалауға 2,6 мыңнан астам жол жұмысшысы шықты
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астананың коммуналдық қызметтері қар тазалау жұмыстарын тәулік бойы дамылсыз жүргізіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

30 желтоқсан күні таңертең қар тазалау жұмыстарына 2,6 мыңнан астам жол жұмысшысы және 1,4 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды.

29-ынан 30 желтоқсанға қараған түні қаладан 2 мыңнан астам ауыр жүк рейсімен 29 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Айта кетейік, қыс мезгілі басталғалы полигондарға 152 мыңнан астам рейспен 1 983 248 текше метрден астам қар шығарылды.

Ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. орындар қардан тазартылады.

Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау басымдыққа ие.

Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, онда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.

Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды.

Төтенше жағдай туындаған кезде «112» телефонына хабарласқан жөн.