Елордада 6 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында және елордадағы білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін 2025 жылы алты мектепке (№1, №14, №21, №35, №61, №69) күрделі жөндеу жүргізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Аталған білім беру ұйымдары 2000-жылдардың басында салынған және соңғы бес жылда күрделі жөндеуден өтпеген. Осыған байланысты материалдық-техникалық базаны нығайту және оқушылар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылды.
Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес мектептерде жылу және желдету жүйелері, сумен жабдықтау және кәріз желілері, электр тораптары мен өрт дабыл жүйелері толық жаңартылды. Бұдан бөлек, шатыр, қасбеттер мен ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Оқу кабинеттері заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Асханалар, кітапханалар, спорт және акт залдары жаңартылды.
Барлық жұмыс «Келешек мектептері» ұлттық жобасының стандарттарына сәйкес атқарылды.
Айта кетейік, жаңа оқу жылының басынан бастап Астанада 28 мың орынға (2 ауысымда) арналған 7 жайлы мектеп пайдалануға берілді. Жалпы, оқу жылы ішінде 15 жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр.
Өткен оқу жылында рекордтық көрсеткішпен 66 мың орынға (2 ауысымда) арналған 24 мектеп ашылған болатын. Оның ішінде 16-сы – «жайлы мектеп». Бұл шаралар үш ауысымды оқыту мен мектептердегі шамадан тыс жүктемені кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, биыл бірінші сыныпқа 31 мың бала барды.