Бурабай ауданында 18 бала жаппай уланып, ауруханаға түсті

28 мамыр, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Бурабай ауданында 18 бала жаппай уланып, ауруханаға түсті
фото: Оңалхан Өнерхан

Ақмола облысы Бурабай ауданында Т.А. Уәлиев атындағы «Жақсы №2» спорт мектебінде 18 баланың жаппай улануы тіркелді, деп хабарлады Elordainfo.kz Nayzakokshe-ге сілтеме жасап.

Бүгін таңғы сағат төрт шамасында Қостанай мен Алматыдан келген спортшылар Щучинск қаласынан Көкшетаудағы инфекциялық бөлімге жеткізілді. Балалардың жасы — он шамасында.

Дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға түскенге дейін балаларға аудандық деңгейде алғашқы көмек көрсетіп, асқазандарын жуған. Қазіргі таңда олар ауруханада емін жалғастырып жатыр.

«Алдын ала болжам бойынша, балалар энтеровирус инфекциясын жұқтырған. Вирус көзі ретінде кулердегі су немесе жұмыртқа қарастырылып отыр. Дәл себебі анықталып жатыр. Балалардың ата-аналары бүгін оларды үйіне алып кетеді, олар спорттық жарыстарға қатыспайды»,- деді инфекциялық бөлімнің меңгерушісі Виктория Пичкунова.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 18 баланың бактериялық ішек инфекциясын жұқтырғанын растады. Мектепте дезинфекциялық шаралар жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, құқық қорғау органдары бұл оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабы 1-бөлігі — «Санитарлық талаптарды бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастап кетті.

Балалардың барлығына қажетті медициналық көмек уақытылы көрсетілген. Олардың жағдайы қазір қанағаттанарлық деңгейде деп бағаланып отыр.