Буллинг және кибербуллинг: Астана мектептерінде профилактика күшейтілді

Бүгін, 08:59
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views63
Буллинг және кибербуллинг: Астана мектептерінде профилактика күшейтілді
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

2025-2026 жаңа оқу жылында Астананың білім беру ұйымдарында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыс қайта жанданды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Осы жұмыстың аясында қаладағы барлық мектепте профилактика мен алдын алуды қамтамасыз ететін мобильді топтар құрылды.

Есет Байкеннің төрағалығымен Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында жаңа оқу жылындағы осы топтардың жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жиын өтті. Жиынға қадағалау және құқық қорғау органдары қатысты.

Кездесу барысында мобильді топтардың биылғы оқу жылына арналған бірқатар міндеті айқындалды. Қыркүйектен бастап жоғары сынып оқушылары үшін профилактикалық дәрістер, сондай-ақ тәуекел тобындағы балалардың отбасыларымен кездесулер өтетін болады. Іс-шаралар барысында оқушыларға құқыққа қайшы әрекеттердің, буллинг пен кибербуллингтің салдары туралы бейнероликтер көрсетіледі. Мобильді топтардың жұмысы жүйелі түрде ұйымдастырылып, тұрақты негізде жүргізіледі.

Айта кетейік, елорда аумағында тұрақты түрде «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы да өткізіледі. Оның мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдер қылмысының деңгейін төмендету, сондай-ақ балалардың қараусыз қалуын, қаңғыбастығын болдырмау және ата-аналар мен заңды өкілдердің жауапкершілігін арттыру.

Рейдтер барысында полиция қызметкерлері аулаларды, көшелерді, саябақтарды, сауда орталықтарын, жаппай демалыс орындары мен ойын-сауық мекемелерін патрульдейді. Ерекше назар ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтауға бөлінеді.

Олармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелер жүргізіледі, әкімшілік құқықбұзушылықтар тіркеліп, тоқтатылады. Анықталған кәмелетке толмағандар заңды өкілдеріне қайтарылады.

Жасөспірімдердің қауіпсіздігі – басты міндеттердің бірі: буллинг пен кибербуллингтің алдын алудан бастап, оларды құқыққа қарсы әрекеттерге тартудың жолын кесуге дейін. Осыған байланысты мектеп инспекторлары тәуекел тобындағы оқушыларды үнемі бақылап отырады. Бұған қоса: алкоголь, шылым шегу және құқықбұзушылықтың зияны туралы тақырыптық дәрістер ұйымдастырылады; аулалар мен көшелерде құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында педагогтар және ата-аналар комитеттерімен бірлескен рейдтер өткізіледі; жасөспірімдерді пайдалы ортаға тарту үшін спорттық және мәдени іс-шаралар өткізу тәжірибесі кеңейтіледі; оқушылар мен ата-аналардың кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлармен жылдам байланысуына мүмкіндік беретін жаңа цифрлық сервистер іске қосылады.

Айта кету керек, мобильді топтардың құрамына құзырлы органдардың өкілдері, елордалық аудан әкімдерінің орынбасарлары, қалалық Білім басқармасының қызметкерлері, психологиялық қолдау орталығының мамандары және спорт қайраткерлері кірді.

Қылмыстардың көпшілігі ата-аналардың жеткілікті бақылау жасамауынан туындайды.

Әкімдік ата-аналарды балалардың не нәрсемен айналысатынын, кіммен араласатынын және бос уақытын қалай өткізетінін бақылап отыруға шақырды. Егер бала құқыққа қайшы әрекеттерге тартылған жағдайда немесе күдік туындаса, дереу полицияға жүгіну қажеттігі ескертілді.