Биыл елорданың Астанаға көшкеніне – 27 жыл
Биыл ел астанасының елордаға көшкеніне 27 жыл толды. Осы уақыт ішінде елорда Қазақстан мен Орта Азиядағы ең биік ғимараттары бар әсем қалаға айналды. Әлеуметтік-экономикалық өркендеуі жағынан қуатты локомотивтей елордамыз туралы Elordainfo.kz тілшісіне Астана қаласы мәслихатының депутаты Мәдина Әжікенова пікір білдірді.
«1997 жылы 20 қазанда Нұрсұлтан Назарбаев астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. Сол құжатқа сәйкес, 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола Қазақстанның астанасы құқығын иеленді. Ел астанасы Еуразияның жүрегінде орналасқан. Қазақстанның ордасы орталықта орналасуы барлық жағынан ұтымды болған соң таңдау Астана қаласына түсті», - деді мәслихат депутаты.
Бүгінде Астана еліміздің әсем мегаполисіне айналды.
«Елорда Сарыарқа төріне көшкеннен бастап қалада әлемдік деңгейдегі саяси-экономикалық, мәдени-рухани және спорттық іс-шаралар жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Мысалы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, VII қысқы Азия ойындары, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі сондай-ақ биыл 8-13 қыркүйек аралығында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұйымдастырылды. Сондай-ақ Әлемдік дәстүрлі діндер мен дін көшбасшыларының съездері, Астана экономикалық форумы, Сирия келіссөздері және тағы басқа шаралар дәстүрлі түрде өткізіліп жүр. Бұл арқылы Астана халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шаралардың бастамашысы деуге болады. Сол арқылы әлемдік сахнада оның татулық пен бірлікті айшықтайтын келбеті қалыптасып жатыр. Сондай-ақ бұл елорданың мәртебесін көтерумен қоса, елімізді халықаралық аренада кеңінен танытты», - деді спикер.
Бүгінде бас қалада Есіл, Нұра, Сарыарқа, Алматы, Сарайшық, Байқоңыр деген 6 аудан бар.
«Астанада бой көтерген «Қазақ елі» монументі, «Хан Шатыр» ойын-сауық және сауда-саттық орталығы, «Ақорда» резиденциясы және басқа да ғимараттардың әдемілігіне ел халқымен қоса, шетелден келген меймандар да таңдай қағып жатады. Қаламыздың төрінде тұрған «Бәйтерек» монументі елорданың бойтұмарына айналды. Қазіргі кезде ел ордасы болумен қатар, әлемдік деңгейдегі жиындардың орталығына айналған Астананың беделі арта беруін тілеймін», - деп сөзін түйіндеді Мәдина Әжікенова.