Биыл елордада 60-тан астам көше жөндеуден өтеді

12 сәуір, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Биыл елордада 60-тан астам көше жөндеуден өтеді
Фото: Instagram/jenis_qasymbek

Астанада ауа райы жылынған уақыттан бастап жолдарды абаттандыру, көгалдандыру және жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

«Биыл 60-тан астам көшені жөндеуді жоспарлап отырмыз. Жол жұмысы елді мекендердегі жолдарды да қамтиды. Қаланы аралау барысында бірқатар жолдың салыну барысымен таныстым.

Қазіргі уақытта елді мекендердегі мына көшелерде жөндеу жұмысы басталды: Жаңақоныс, Қарталы, Фахтбен Абдул Азиз, Герцен, Бөкеев және т.б. Сол сияқты Алаш тасжолының 69-көшеден 191-көшеге дейін, Қорғалжын тасжолының Тұран даңғылынан 128-көшеге дейін, Керей Жәнібек хандар көшесінің Сауран көшесінен Мұртаза көшесіне дейін және т.б.», - деп жазды Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Елорда әкімінің айтуынша, биыл ұзындығы 14,7 км болатын 43 нысанның құрылысы жоспарланып отыр. 8 жоба бойынша жұмыс толық көлемде аяқталады, 28 жоба бойынша ары қарай жалғасады, тағы 7 нысанның жұмысы басталады, оның ішінде: - Қ.Қайсенов көшесі Бұқар жырау көшесінен Ұлы Дала даңғылына дейін; - Бұқар жырау көшесі Әл-Фараби даңғылынан Жошы хан көшесіне дейін; - Рысқұлов көшесі Мәңгілік ел даңғылынан Нұра-Есіл арнасына дейін; - Тәуелсіздік даңғылы Қабанбай батыр даңғылы жағынан және т.б.

Сондай-ақ қазіргі уақытта Тілендиев даңғылы мен Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейлі көлік айрығын салу жобасы жүзеге асып жатыр. Бұл – қаланың негізгі магистральдарының бірінде көлік ағынын оңтайландыруға арналған маңызды инфрақұрылымдық нысан. Жоба қиылыста көлік қозғалысын едәуір жылдамдатып, жол жүру уақытын қысқартады.

«Биыл Бейсекова көшесінің бойында Тілендиев даңғылы арқылы толыққанды қозғалысты қамтамасыз ететін өтпе жолдар мен съездердің металл аралықтарының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Айтматов көшесі мен Қорғалжын тасжолының қиылысында көлік ағынын сейілту үшін жыл соңына дейін қозғалысты қамтамасыз ете отырып, Қ.Мұхамедханов көшесін салу жобасын іске асыру жүргізіліп жатыр. Жол жұмысы жол төсемінің сапасын жақсартуға ғана емес, сол сияқты қозғалыс қауіпсіздігі мен тұрғындардың жайлылығын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ жоспарланған жұмыстардың қатарында жаңа тротуарлар салу, аялдамаларға кірме тұстарды, пандустарды және т.б. жайластыру бар», - деді қала әкімі.