«Бас редакторлар клубы» мүшелері ÓzgeEpic креатив хабы жұмысымен танысты


«Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері ÓzgeEpic креатив хабына арнайы сапармен келіп, кеңістіктің жұмысымен танысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сапар барысында қатысушылар хабты аралап, оның мүмкіндіктері мен ұсынатын қызметтері жайлы мол мағлұмат алды.
Экскурсия барысында клуб мүшелеріне ең алдымен хабтың заманауи және креативті бағытта жабдықталған кітапханасы таныстырылып, мұнда келушілердің зияткерлік дамуына жағдай жасалғаны туралы айтылды. ÓzgeEpic креатив хабының кітапханасында Steppe & World, Mazmundama, Amal Books, “Қасым кітап”, “Марфу пресс” баспасы кітаптары бар. Бұл көпшілік көркем және ғылыми кітаптарды оқып, пайдалы уақыт өткізетін мәдени-шығармашылық орын.
Сонымен қатар көпфункционалды трансформер залы да ерекше назарға ілікті. Бұл зал түрлі іс-шараларды өткізуге ыңғайлы етіп жасақталған, қажеттіліктерге қарай әртүрлі форматқа бейімделе алатын бірегей алаң.
Экскурсия ÓzgeEpic кеңістігінің этномұражайымен жалғасты. Бұл этномұражай қазақтың ұлттық қолөнері мен дәстүрлі мәдениетін дамытып, насихаттау мақсатында креатив хаб құрамынан бір жағынан этномұражай, бір жағынан қолөнер шеберханалары ретінде жұмыс істейтін алаң форматында құрылған.
Сондай-ақ қатысушылар заманауи өнер галереясын тамашалады. Заманауи өнер галереясы отандық суретшілер, фотосуретшілер мен перформерлерді қолдап, шетелдік коллабарацияларды жүзеге асырады.
Экскурсия соңында клуб мүшелері жүрек пішінінде жасалған ерекше инсталляциямен танысты. Бұл инсталляция ÓzgeEpic хабының индустриалды революциялар кезеңдерінде адам болып қалу мәселелерін көтереді. Инсталляцияның концепт авторы - ÓzgeEpic, нобайын жобалаған - бейжіңдік қазақ дизайнері Сая Мұратхан.
Сапар аясында «Бас редакторлар клубының» президенті, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай «Ғылыми кеш» жобасы аясында «Медиадағы коммуникация: Ақпарат тасқынындағы дәлдік пен жауапкершілік» тақырыбында ашық дәріс оқыды. Дәріс барысында ақпараттық кеңістіктегі қазіргі тенденциялар, коммуникация құралдарын тиімді пайдалану және жалған ақпаратпен күрес мәселелері талқыланып, медиа мамандары мен жас журналистерге пайдалы кеңестер берілді.
Іс-шара қонақтары ÓzgeEpic креатив хабының заманауи әрі шығармашылыққа серпін беретін орталық ретінде маңызын атап өтіп, оның алдағы жобаларына сәттілік тіледі.



