Балаларды қорғау күні: елордада мектеп оқушыларымен профилактикалық кездесу өтті

24 мамыр, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Балаларды қорғау күні: елордада мектеп оқушыларымен профилактикалық кездесу өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанадағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Балаларды қорғау күніне орай Астана қалалық полиция департаменті мен Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуымен мектеп оқушыларымен кездесу өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Кездесуге елорданың Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина, Алматы аудандық полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінің бастығы Әлия Қолышпаева және мектеп оқушылары қатысты.

«Кейде полиция қызметкерлеріне мектеп оқушыларының өздері де, олардың ата-аналары да жүгінеді. Әр мектепте сол оқу орнына бекітілген полиция қызметкерлерінің суреті мен визит картасы ілулі тұрады», – деді Әлия Қолышпаева.

Оның айтуынша, оқушылар көбінесе мектептегі қатарластарымен өзара жанжалдар кезінде көмекке жүгінеді.

«Барлық тарап шақырылып, мектептің өзінде профилактикалық кеңестер өткізіледі. Егер бұл да шара қолдануға әсер етпесе, заң аясында жауапкершілікке тартуға тура келеді», – деп толықтырды ол.

Кездесуге сондай-ақ балалар омбудсмендері де қатысты. Олардың бірі – елордадағы №52 мектептің 11-сынып оқушысы Руслан Захаренко. Ол қалалық деңгейде барлық мектеп омбудсмендерінің атынан өкілдік етеді.

«Балалар омбудсмені – бұл балалардың құқығын қорғайтын адам. Мен бұл салада 7-сыныптан бастап жұмыс істеймін. Біздің міндетіміз – оқушылардың құқығын қорғау. Қазір Қазақстандағы әр мектепте осындай омбудсмендер бар», – деді ол.

Руслан Захаренко мектеп оқушылары арасында жиі кездесетін мәселелер ретінде кибербуллинг, буллинг және жарақат алу жағдайларын қозғап өтті.

«Біз, омбудсмендер, бұл мәселелерді мектеп деңгейінде «тең-теңімен» қағидаты бойынша шешеміз. Біз де олар сияқты баламыз, бірақ проблемаларды тиісті органдарға дереу хабарлай аламыз, олар біздің проблемамызға назар аударады», – деп қосты ол.