BaiQymyz гастрофестивалі: Астанада ашық аспан астында концерт өтеді

Бүгін, 17:35
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
BaiQymyz гастрофестивалі: Астанада ашық аспан астында концерт өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромында 19-20 шілде күндері алғаш рет ұлттық сусын – қымызға арналған кең ауқымды «BaiQymyz – бапталған қымыз» гастрофестивалі өтеді. Іс-шара аясында қала тұрғындары мен қонақтары қымыздан дәм татып қана қоймай, танымал өнерпаздардың концертін тамашалай алады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Фестивальдің концерттік бағдарламасына елімізге белгілі әртістер қатысады. Олардың қатарында Sadraddin, «Тұран» тобы, «Алатау серілері», Ардақ Балажанова, «Жошы» тобы, Қанат Үмбетов, Құрмаш Махан, Қыдырәлі мен Қарақат, Жұбаныш Жексенұлы, Қайрат Баекенов бар.

Фестивальге Қазақстанның барлық өңірінен 50-ден астам қымыз өндіруші қатысады деп жоспарланған. Екі күндік шараға 60 мыңға жуық қонақ келеді деп күтіліп отыр.

Фестивальдің маңызды бөлігінің бірі – «Үздік қымыз» байқауы. Байқау жеңімпаздарына қомақты қаржылай сыйлықтар табысталады. Жалпы жүлде қоры – 45 миллион теңге (I орын – 20 млн теңге, II орын – 15 млн теңге, III орын – 10 млн теңге).

Іс-шараның мақсаты – қымыз өндіру дәстүрін жаңғырту, оны ұлттық бренд ретінде дамыту және агротуризм мен жылқы шаруашылығына серпін беру. Сонымен қатар фестиваль аясында ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, этноауыл, шеберлік сабақтары, балалар алаңы, ғылыми-тәжірибелік конференция және ат спорты сайыстары өтеді.

Фестивальге кіру тегін.

Фестиваль өткізілуіне байланысты 19-20 шілде күндері №18, 37 және 303 автобус бағыттарының қозғалысына уақытша өзгерістер енгізіледі. Осыған байланысты тұрғындар өз маршрутын алдын ала жоспарлағаны жөн.