Бүгін – Ұлттық киім күні

18 наурыз, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Бүгін – Ұлттық киім күні
Фото: Скриншот видеодан

Бүгін – ұлттық киім күні. Наурызнамада белгіленген атаулы күнге орай, елдің әр түкпірінде түрлі іс-шара өткізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Осы орайда Астана қаласының белсенді жастары ұлттық киімдердің қалалық архитектурамен байланысы туралы бейнеролик әзірледі.

«Ұлттық дәстүрімізде атадан балаға мұра етіп берілетін берең белбеу елдің айбары мен мәртебесін айқындаса, Мәңгілік ел қақпасы тарихи тұрақтылық пен ынтымақтың символы», - деді Tolyk Adam School мектебінің негізін қалаушы Шерхан Арапбай.

«Үкілі тақия немесе үкілі бөрік қазақ қыздарының ұлттық киімінің ажырамас бөлігі саналады. Тақияның төбесіне тағылған үкілі қауырсын - қасиеттілік пен қорғаушы күштің белгісі. Тақия мен "Хан Шатыр" - екеуі де биіктік пен асқақ рухтың символы. Бұл екеуінің арасында ортақ нәрсе - тамырын тереңнен алатын қазақтың ұлттық рухы», - деді Астана қаласы бойынша студенттік омбудсмен, Қазақстан студентер альянсының атқарушы директоры Аружан Бахитова.

«Алқа елордамыздағы "Бәйтерек" секілді. Себебі "Бәйтерек" – қазақтың асқақ арманының, терең тарихының символы. Ал ұлттық киім мен әшекей - сол тарихтың жарқын көрінісі», - деді Қазақстан жастар конгресінің өкілі Гүлсая Кәрім.

«Наурыз – ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін мейрам. Ал шапан бұл – қазақ халқының ерекше ұлттық киімі. Ол – қонақжайлықтың, мәрттіктің белгісі. Наурызда шапан кигенде біз тек ұлттық киімімізді ғана емес, ата-бабамыздан қалған бай мәдени мұрамызды да жаңғыртамыз», - деді Астана қаласының мәслихат депутаты, AMANAT партиясы жанындағы «Жастар рухы» қанатының Астана қаласы бойынша филиалының басшысы Арсланбек Мағзұм.

«Ұлттық киім - жай киім емес, ол дәстүр, әр ұлттың болмысын айқындайтын мұра. Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары, әр этностың дәстүрлері ортақ құндылыққа айналған елде тұратынымызды мақтан тұтамыз», - деді Қазақстан халық Ассамблеясының Астана қаласы бойынша өкілі Лариса Пак.

 «Тақия – ұлттың айнасы. Ол домалақ пішінімен киіз үйді еске салады.  Киіз үй – бірліктің, тұтастықтың белгісі. Ал тақия – жастықтың, рухтың, намыстың белгісі. Өз болмысыңды ұмытпа. Тақияңды түзе», - деді «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қоры басшысы Жандос Ақтаев.

Видеоролик соңында қатысушылар қазақстандықтарды ұлттық киім күнімен құттықтады.