Азия чемпионы Аида Әбікеева ұландықтармен кездесті


Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде ерекше іс-шара өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұландықтар Азия чемпионы, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аида Әбікеевамен кездесті. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Іс-шараның басты мақсаты — жас сарбаздарды ынталандыру, салауатты өмір салтын насихаттау және патриоттық рухты нығайту. Спорттағы елеулі жетістіктерінің арқасында елдің мақтанышына айналған Аида Әбікеева өзінің кәсіби спорттағы жарқын нәтижелерімен бөлісу және жетістіктері арқылы жауынгерлерді жігерлендіру үшін әскери бөлімге арнайы келді.
Өз сөзінде спортшы жеңіске жетудегі табандылықтың, тәртіптің және еңбекқорлықтың өзектілігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, спорт пен өмірдегі сәттіліктің кілті — адалдық пен қажырлы еңбек.
Кездесу барысында ұландықтар үлкен қызығушылықпен чемпионға сұрақтар қойды. Әскерилер спортшының күн тәртібіне, жаттығу процесінің ерекшеліктеріне және жарыстарға дайындығына ерекше назар аударды. Чемпион сарбаздардың әскери қызметінің маңыздылығын айтып, оларға сәттілік тіледі.
Іс-шара соңында әскери бөлім қолбасшылығы атынан Аида Әбікееваға алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етілді.