Қазақстандық ЖИ енді видеоны 5 тілге аударып, ұлттық нақышта сурет салады

Қазақстандық ЖИ енді видеоны 5 тілге аударып, ұлттық нақышта сурет салады
Фото: ИССАИ

Қазақстандық ғалымдар бес түрлі жасанды интеллект әзірледі. Олар дыбысты бес тілде мәтінге айналдырып, видеодан ілеспе аударма жасайды, қазақша латын қарпін түсініп, ұлттық нақышта сурет салады. Ең бастысы, бұл жүйелер интернетсіз де жұмыс істей алады.

Nazarbayev University жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) мамандары көпшілікке жасанды интеллектіге құрылған бес жаңа технологияны таныстырды. Бұл жүйелер ЖИ-ді қазақ тілі мен мәдениетіне бейімдеп дамытудың нақты қадамына айналуы мүмкін.

Бес жүйенің төртеуі қазірдің өзінде ISSAI платформасында жұмыс істеп тұр. Бесіншісі жыл соңына дейін іске қосылады деп жоспарланған. Жасанды интеллект қызметін пайдалану үшін ISSAI-дің ресми сайтына тіркелу қажет. Сол жердегі мәзірден әр құралдың атын тауып, еркін қолдануға болады. Жүйе әр аккаунтқа алғашқыда тегін қызмет көрсетеді. Басқаша айтсақ, тапсырма көлемі бойынша белгілі бір шекті лимит бар. Бұл лимит қарапайым қолданушыға шамамен алты айға жетеді. Шекті межеден асқан соң қызмет ақылы форматқа көшеді.