Қазақстандық делегация Эстонияның теңіз портындағы заманауи инфрақұрылыммен танысты
Бұл туралы Астана қаласы Мәслихаты төрағасы Ерлан Каналимов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, мұндай тәжірибе елорданың көлік-логистика жүйесін жетілдіруде пайдалы болмақ.
«Таллин қаласының теңіз портының терминалдарының жұмысымен таныстық. Қала орталығынан автобуспен шықсаңыз, небәрі 15 минуттық жерде орналасқан бұл порттан кемелер Хельсинкиге тұрақты түрде жолға шығады. Порттың жүк терминалы Эстонияның теміржол желісімен толықтай интеграцияланған. Сол күні Балтық теңізіндегі ең ірі астық терминалын араладық. Бұл жерде сыйымдылығы 300 мың метрлік тонна болатын элеватор бар. Қазіргі таңда портта қозғалысты тиімді басқару үшін «Ақылды порт» атты түрлі ІТ шешімдер енгізілуде», - деді Е.Каналимов.
Ол Эстонияның теңіз портындағы заманауи инфрақұрылым мен озық технологиялар қазақстандық делегация үшін ерекше қызығушылық тудырғанын айтты.
«Эстония билігінің алдағы жоспары – елдің барлық көлік және логистика секторын цифрландыру дәуіріне бейімдеу. Мұндай тәжірибе елорданың көлік-логистика жүйесін жетілдіруде пайдалы болмақ», - деп жазды ол.