Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран, азық-түлік экспорттауға дайын – Тоқаев


Бүгін Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Словакия премьер-министрі Роберт Фицо БАҚ өкілдері алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Президент ең алдымен, Словакия Республикасының Премьер-министрі Роберт Фицоға және барша делегация мүшелеріне ілтипат білдірді.
«Словакия – Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Екіжақты қарым-қатынасымыздың тарихы маңызды оқиғаларға толы. Қазіргі таңда да екі елдің өзара байланыстары достық және сыйластық рухында нығаюда. Астана мен Братислава арасында мазмұнды саяси диалог орнаған. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы байланысымыз жылдан-жылға дамып келе жатыр. Шарттық-құқықтық негізі қалыптасты. Екі елдің алыс-берісі де ұлғаюда. Қазақстанда 30-дан астам словак компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Елімізге Словакияның ірі кәсіпкерлері де келді. Соған байланысты Роберт Фицо мырзаға алғысымды айтамын. Бүгін бизнес форум өтеді. Бұл жиын өзара ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға жол ашады деп сенемін», – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Роберт Фицомен жүргізген мазмұнды келіссөз барысында қазақ-словак ынтымақтастығының аясын кеңейту мәселесі талқыланғанын және нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгенін атап өтті.
«Екі ел арасында ешқандай түсініспеушілік жоқ, кең ауқымды ынтымақтастыққа – жол ашық. Себебі, Қазақстан мен Словакияның сан қырлы байланысын күшейту қос халықтың мүддесіне сай келеді. Словакия – экономика тұрғысынан алып қарасақ, қарқынды дамып келе жатқан ел. Сондықтан Қазақстан Словакиямен қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға баса мән бермек. Біз сауда-саттық көлемін одан әрі арттыру мәселесіне тоқталдық. Инвестициялық ықпалдастықты тереңдетуге назар аудардық. Бұл тұрғыдан алғанда Үкіметаралық комиссия маңызды рөл атқарып келеді. Мен Комиссияның тең төрағаларының деңгейін министр дәрежесіне көтеруді ұсындым. Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларын экспорттауға дайын. Сондай-ақ энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Әскери-техникалық байланыстың әлеуеті зор. Бұған қоса, біз келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін бірге пайдалану жайын талқыладық. Бұл – стратегиялық маңызы бар сауда жолының бірі. Мен словакиялық серіктестерімізді осы дәлізді дамыту жобасына қатысуға шақырдым. Бұл саладағы ықпалдастық өзара сауда-саттыққа тың серпін беруге тиіс», – деді президент.