Астананың Қоғамдық кеңесі отырысында қаланың жылыту маусымына дайындығы қаралды

Бүгін, 11:43
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views52
Астананың Қоғамдық кеңесі отырысында қаланың жылыту маусымына дайындығы қаралды
Фото: Василий Крась

Астана қалалық Қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібінде елордадағы жылу-энергетика кешенінің жылыту маусымына дайындығы талқыланды. Кеңес төрағасы Зұлфұхар Ғайыпов жүргізген жиында қалалық Энергетика басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Есмағұлов пен Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Сыздықов баяндама жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бүгінде жылыту маусымына дайындық жоспарлы жүруде. ЖЭО-1 нысанының дайындық деңгейі 97%-ды құраған. Сондай-ақ биыл бір турбинаға күрделі жөндеу, 9 қазандық пен 2 турбинаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. ЖЭО-2 нысанының дайындық деңгейі – 80%. Қалада 7 аудандық қазандық бар, олардың дайындық деңгейі 87%-ды құрайды.

«Жалпы қала 4 104 Гкал/сағ жылу қуатына ие. Жаңа жылу көздері – ЖЭО-3, «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ станциялары іске қосылғанының арқасында шамамен сағатына 500 Гкал қор бар. Биыл «Тұран» газ станциясының ІІ-кезегін іске қосу жоспарда тұр, бұл қосымша сағатына 250 Гкал жылу беруге мүмкіндік береді. Ал «Теплотранзит» АҚ жылу желілері бойынша 7 шақырым желіні ауыстыру, 1,5 шақырым ағымдағы жөндеу және 6,2 шақырым қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Жалпы дайындық деңгейі – 92%», - дейді Мақсат Есмағұлов.

Оның сөзінше, Қорғалжын тас жолының бойы мен Ұлы Дала көшесіне дейін жылу магистралі салынуда. Ал электрмен жабдықтауда «Астана РЭК» АҚ-ның дайындығы 79% құрайды. Шамамен 80 шақырым әуе және кабель желілеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы, сондай-ақ 64 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станция жөнделген.

«Аудандарда қосымша трансформаторлық қосалқы станциялар салу жоспарлануда. Қазан айында жаңа «Арай» қосалқы станциясының, сондай-ақ тарату және трансформаторлық қосалқы станциялардың құрылысын аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ газ желілерінің дайындығы 95%-ды құрайды. Жыл соңына дейін барлық тұрғын массивтері газға қосылады», - дейді ол.

Баяндамашылардан соң кеңес мүшелері қала ішіндегі түйткілді мәселерге қатысты сұрақ-жауап алмасты. Ал жиын барысында Астанадағы жылыту маусымына дайындық қанағаттанарлық деңгейде деп бірауыздан бағаланды.

Мұнан бөлек, кеңес отырысында Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау, Білім және Жұмыспен қамту және әлеуметтік басқармаларының жауапты басшыларының былтырғы жұмыс есебі де тыңдалды.

Бұған дейін қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері жылыту маусымына дайындықты тексеру мақсатында «Астана су арнасы» кәсіпорны нысандарын аралағанын хабарлаған болатынбыз.

         Ержан Қожас