Астананың Бас жоспары: қоғамдық талқылауға 1300-ден астам адам қатысты

24 шілде, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астананың Бас жоспары: қоғамдық талқылауға 1300-ден астам адам қатысты
Фото: қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасынан

Елорданың 2035 жылға дейінгі Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша қоғамдық талқылаулар өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына сілтеме жасап.

Іс-шара туралы хабарландыру 1 шілдеде «Вечерняя Астана», «Астана ақшамы» газеттерінде, сондай-ақ, «Хабар», «24KZ» телеарналарында және басқарманың әлеуметтік желілерінде жарияланды.

Қоғамдық талқылауға 1300-ден астам адам қатысып, Бас жоспарға түзетулер енгізу бойынша 2500-ге жуық сұрақ пен ұсыныс түсті. Бұл – осыған дейін өткізілген осындай іс-шаралардың ішіндегі халықтың ең көп жиналғаны. Астананың болашағына бейжай қарамай, белсенді қатысып, Бас жоспардың нәтижесіне өз үлесін қосқан барлық азаматқа алғыс білдіреміз.

Осынша жұрттың жиналуына қоғамдық талқылаулардың бір апта бойы өткізілуі ықпал етті. Яғни, 14–18 шілде аралығында қала тұрғындары Астана қаласының Бас жоспарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулармен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Ғылыми-зерттеу жобалау институтының мамандары жаңартылған жоспарды залдарда көрнекі түрде таныстырып, күн сайын келген азаматтардың сұрақтарына жауап берді.


Осылайша, көрмені 14 шілдеде – 4 адам, 15 шілдеде – 30, 16 шілдеде – 631, 17 шілдеде – 56, 18 шілдеде – 67 адам тамашалады. Апта ішінде жалпы 788 адам келді.
Сонымен қатар, қала тұрғындары Бас жоспарға қатысты өз жазбаша өтініштері мен ұсыныстарын қалдыра алатын арнайы жәшік орнатылды.
22 шілдеде негізгі қоғамдық талқылау өткізілді. Алдын ала жобамен танысқан тұрғындар ресми тіркеуден өткеннен кейін өз дауысын беруге мүмкіндік алды.