00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Астаналық спортшылар коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ ұсынды

Астаналық спортшылар коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ ұсынды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанада өтіп жатқан «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында танымал спортшылар коммуналдық қызметкерлерге қолдау көрсетіп, алғыс білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қыстыгүні қаланы күн сайын қар мен мұздан тазартып жүрген коммуналдық қызметкерлерге қолдау көрсету үшін Астананың танымал спортшылары таңертең ерте «Емен» аллеясына жиналды. Акцияны ұйымдастырушылар қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ ұсынып, қаланың тазалығына қамқорлық танытқандары үшін алғыстарын білдірді.

Іс-шараға Мақсат Сайлау, Мерей Мәулітқанов, Айбек Айтбеков, Нұрлан Қарабалин, Мәди Амангелді, Нұржан Батырбеков, Нұрбек Талбудин, Нұрсұлтан Дүйсенқұлов, Зере Сарбалина, Айза Мамбекова, Нариман Секен сынды елордалық танымал спортшылар қатысты.

«Мен коммуналдық қызметкерлер үшін қаншалықты қиын екенін, ерте тұру, қар күреу және қаланы тазалау қандай екенін өз басым сезіндім. Бұл өте қиын жұмыс, әсіресе дала аяз болып тұрған кезде. Мен қала тазалығын сақтауға атсалысқан жандарды құрметтеймін. Коммуналдық қызметкерлердің еңбегі қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет түсіндім. Ең алдымен, өскелең ұрпаққа үлгі болсын деп акция өткізіп жатырмыз. Жастар әрқашан үлкендерге, БАҚ өкілдеріне, атақты спортшыларға қарап бой түзейді. Елордамыздың және бүкіл еліміздің тазалығы өзімізге байланысты екенін есте ұстаған жөн, біз бір-бірімізге көмектесуіміз керек», - деді Астана қаласының ММА бойынша аға жаттықтырушысы Нұрлан Қарабалин.

Бұдан бөлек, спортшылар қала тазалығына атсалысып жүрген жандарға құрмет білдіріп, жұмысшыларға қар күреуге көмектесті.

Айта кетейік, мұндай шаралар Астанада тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Олардың мақсаты – ауызбіршілікті нығайтып, халықты бір-біріне қолдау көрсетуге баулып, игі істердің маңыздылығын еске түсіру.