Астаналық мәслихат депутаттары полиция бекеттерін аралады
Тұрақты комиссияның заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі отырысы алдында мәслихат депутаттары «Алматы» және «Байқоңыр» аудандарындағы полиция бекеттерін аралап шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Анықталғандай, көптеген бекеттерге не күрделі жөндеу қажет, не жаңа ғимарат салу мәселесі өзекті болып отыр. Кейбір бекеттерде бірден үш полиция учаскесі орналасқан, бұл қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне және тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуіне кедергі келтіреді. Сондықтан оларды тұрғындарға жақын орналасқан жаңа ғимараттарға көшіру қажеттігі туындап отыр», - деп жазды Астана қаласы мәслихатының төрағасы Зейнұлқабден Табиғат.
Сонымен қатар депутаттар шетелдік стандарттарға сәйкес салынған заманауи полиция бекетін де аралап көрді. Бұл нысан құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру мен қауіпсіздік деңгейін арттыруда үлгі бола алады.
Айта кетейік, бұған дейін Зейнұлқабден Табиғат Астана қаласы мәслихатының төрағасы болып сайланған болатын.