Астанада журналистер арасында байқау жарияланды

9 маусым, 2025
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Астанада журналистер арасында байқау жарияланды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада БАҚ қызметкерлерінің күніне орай бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде елорданың дамуы туралы үздік жарияланымдар, репортаждар, сюжеттер байқауы жарияланды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Байқауға Қазақстанның барлық кез келген журналисі қатыса алады. Конкурсты Астана қаласының Коммуникациялар қызметі Ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырады.

Байқауға 2024 жылғы 1 маусым мен 2025 жылғы 16 маусым аралығында мемлекеттік немесе орыс тілінде жарияланған, эфирге шыққан материалдар қабылданады. Қатысушы тек бір номинация бойынша бір ғана материал ұсына алады.

Байқау келесі номинациялар бойынша өткізіледі:
1. «Үздік журналист-сарапшы» – Ассамблеяның 30 жылдығы аясында елордадағы Қазақстан халқы ассамблеясының қызметі туралы баспа басылымдарда жарияланған аналитикалық материалдар;
2. «Үздік шолушы» – интернет-басылымдарда жарияланған, Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайтын материалдар, сондай-ақ заңдылық, қоғамдық тәртіп, вандализм, нашақорлық, құмар ойынға тәуелділік және елордадағы өзге де әлеуметтік түйткілдерге қатысты мәселелерді қамтитын жарияланымдар қарастырылады;
3. «Үздік радиорепортаж» – Астана туралы радиосюжеттер;

4. «Үздік телесюжет» – бұл аталым қаланың тыныс-тіршілігіне арналған материалдарды қамтиды. Атап айтқанда, урбанистика мәселелері, қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ вандализм, нашақорлық, құмар ойынға тәуелділік және қалалық ортадағы өзге де келеңсіз көріністердің алдын алу мен оларды болдырмау тақырыптары қозғалған телесюжеттер қарастырылады.
5. «Үздік мобилограф» – мегаполис өмірінен аэротүсірілім қолданылған бейнероликтер;
6. «Үздік фоторепортаж» – Астанадағы «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасының жүзеге асырылуын бейнелейтін фотосуреттер;
7. «Жұмысшы мамандықтар жылы» арнайы номинациясы – әлеуметтік желілерде жарияланған үздік материалдар.

Facebook, Instagram және TikTok желілеріндегі танымал топтар мен пабликтер қатысу үшін өтінім бере алады.

Номинациялар бойынша жеңімпаздарды белгілі журналистер, медиа сарапшылар және саланың беделді өкілдерінен құралған конкурстық комиссия анықтайды.

Ең үздік жұмыстар ақшалай сертификаттармен марапатталады. Бірінші орын иегеріне – 1 000 000 теңге, екінші орынға – 700 000 теңге, үшінші орынға – 500 000 теңге көлемінде жүлде тағайындалады.

Өтінімдер 2025 жылғы 16 маусымға дейін қабылданады.

Электронды пошта: baq.baikauy@gmail.com; 
Ұйымдастыру комитетінің байланыс нөмірі: 8 778 603 90 94;