Астанада «Жасанды интеллект әліппесі» кітабының тұсаукесері өтті


Астанада AI-Hub publishing баспасынан шыққан "Жасанды интеллект әліппесі" кітабының тұсаукесері өтті. Еңбек — қарқынды дамып келе жатқан жаңа сала туралы алғаш рет қазақ тілінде жазылған түпнұсқа болуымен ерекшеленеді. Бас редакторлар клубы мен салалық AI-Hub компаниясы ұйымдастырған іс-шараға зиялы қауым, қоғам қайраткерлері, медиа және қоғамның әр саласының белгілі тұлғалары мен мамандары қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
ҚР Сенат депутаты, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай:
«XXI ғасыр – технологиялық серпілістер ғасыры. Осы үдерістің алдыңғы қатарында жасанды интеллект тұр. ЖИ — тек цифрлық технология ғана емес, ол қоғамның дамуын түбегейлі өзгертуге қабілетті күш. Бұл үрдісті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та терең түсініп, бұл саланы ұлттық басымдық ретінде белгілеп отыр. Президент өз сөзінде «Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект технологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Сондықтан алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Қазақстан Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқа айналуы тиіс. Цифрлық даму мәселесіне тың, жаңаша көзқараспен қарау қажет» деген болатын», – деді.
Сенатор сондай-ақ Президенттің бастамасымен 2024-2029 жылдарға арналған Жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы қабылданғанын, KazLLM деп аталатын алғашқы қазақша цифрлы тіл моделі құрылып, ана тілімізде жасанды интеллект жүйесін дамытуда елеулі қадам жасалғанын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанды болашақтың технологиялық көшбасшы елдерінің қатарына қосу жолында жалпы халыққа арналып қазақ тілінде мазмұнды кітаптың жарық көруін айтулы оқиғаға балады.
Өз кезегінде "Жасанды интеллект әліппесі" кітабының авторы, жасанды интеллект және IT технология саласының сарапшысы Мейіржан Әуелханұлы еліміздің де аталған сала көшінен қалмауы үшін екі жыл бұрын қазақтілді аудиторияға арнап арнайы еңбек жазуға кіріскенін айтты. Кітап жасанды интеллекттің негізгі қағидаларын, оның қазіргі даму деңгейін және болашақ мүмкіндіктерін түсінуге көмектесетін бірегей құрал болмақ.
"Еңбек – бағдарламалауды білмейтін, бірақ AI мүмкіндіктерін зерттеп, қолданғысы келетін адамдарға арналған. Жасанды интеллект саласындағы негізгі ұғымдарды қарапайым тілмен түсіндіреді. Қазірдің өзінде сұраныс өте жоғары болғандықтан, кітапты екінші басылымға жіберіп жатырмыз», - деді ол.
Кітап авторы сонымен қатар TurkAI – түркі мемлекеттерінің жасанды интеллектшілер қауымдастығының құрылып, жұмысын бастағанын, сондай-ақ салалық AI-Hub компаниясы құрылып, ai-hub.kz сайты ашылғанын хабарлады.
Тұсаукесерге қатысушылар бұл жасанды интеллект саласына қадам басқысы келетіндер үшін маңызды оқиға екенін атап өтті. Кітап Орталық Азия елдерінде тың салаға қатысты алғаш шығып отырғандықтан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен аударуға ұсыныстар түскен.
Белгілі тележурналист Жайна Сламбек:
«Біз цифрлық қызмет көрсету бойынша өте жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Ол біздің жаңашылдыққа ұмтылғыш, жаңаны жақсы көретініміздің белгісі. Біз ЖИ-дің маңызды екенін ұқтық. Дегенмен қазір осы кітап авторы Мейіржан Әуелханұлы сияқты бастамашыл адамдардың әрекетін ғана көріп отырмыз. Біз жасанды зерденің қаупін де көп уайымдаймыз. Бірақ біздің ойлайтынымыз оның тек қана қаупі болмауы тиіс. Назарымызды оны игеруге бағыттауымыз керек», - деді.
Ал «Айқын» газетінің бас редакторы, әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы ЖИ-дің әскери саладағы дамуы және қолданысы жайлы ойларын ортаға салып, жаңа технологияның қазақ тілінде сөйлеп жатқанына ризалығын білдірді.
Іс-шараға қатысқан өзге де азаматтар авторға жасанды интеллектің болашағына, дамуына, сонымен қатар қауіп тудыру ықтималдығына қатысты пікірлерін білдіріп, сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Бұған дейін кітаптың таныстырылымы Алматы қаласы мен ҚР Парламентінде өткен болатын. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта кітаптың тұсаукесері барлық облыс орталықтарында ұйымдастырылатынын айтты.