Астанада су тасқыны қаупі бар учаскелерге тексеру жүргізілді
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мадияр Мырзагелдиев қалалық және аудандық әкімдік қызметкерлерімен бірге су тасқыны қаупі бар учаскелерге тексеру жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Тексерудің мақсаты – су тасқынына байланысты жағдайды бағалау, қар жамылғысының күйі мен оның еріп кетуін бақылау, сондай-ақ еріген қар суларының жиналатын орындары мен ықтимал қауіпті аймақтарды анықтау.
Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша су тасқынын қауіпсіз өткізуге бағытталған алдын алу шараларын уақытылы қабылдау туралы ұсыныстар берілді.
Атап айтқанда, жеке тұрғын үй алаптарынан қарды дер кезінде шығару, арық жүйелері мен арналарды тазарту, қамысты шабу және бөгет құрылысын нығайту қажеттігі айтылды.
Елорда аумағындағы су тасқыны жағдайы жергілікті атқарушы органның және азаматтық қорғау қызметінің қатаң бақылауында.