Астанада әскери борышын өтеп келген сарбаздарды қарсы алу рәсімі өтті

28 наурыз, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада әскери борышын өтеп келген сарбаздарды қарсы алу рәсімі өтті
Фото: Сұлтан Сейітов, Ақбаян Арапшаева

Бүгін елорданың «Астана-1» теміржол вокзалында мерзімді әскери қызметін өтеп келген 27 сарбазды салтанатты түрде күтіп алу рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл маңызды іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, мектеп оқушылары, «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері, Қарулы Күштердің, Ауған соғысы ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары қатысты.  

Жиын барысында Астана қаласы Әскерге шақыру комиссиясының мүшесі отставкадағы полковник Ғани Артықов сөз сөйлеп, көктемгі шақыру науқаны мен әскери қызметтің маңыздылығы туралы айтты:  

«Бүгін көктемгі мерзімді әскери қызметін аяқтаған сарбаздарымыз үйлеріне оралып жатыр. Жалпы, наурыз-маусым айлары аралығында еліміз бойынша 20 мыңнан астам сарбаз әскери қызметін аяқтап, азаматтық өмірге қайта қосылады. Олардың орнына 21 мыңнан астам жаңа сарбаз әскерге жіберілмек. Шекара қызметінің қатарлары толығымен жаңарды, енді Қарулы Күштердің басқа бөлімдеріне ауысу кезегі келді», - деді Ғани Артықов. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда әскери бөлімдерде жаңашылдықтар енгізіліп жатыр. Әскерге шақырылған жастар заманауи технологиялармен жұмыс істеуге мүмкіндік алуда.  

«Бүгінде әскерде цифрландыру жүйесі дамып, дрондар мен қашықтан басқарылатын қару-жарақ түрлері қолданысқа енгізілуде. Бұл әскери дайындықтың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Әскерге шақыру комиссиясы денсаулық жағдайы, бойы мен дене дайындығы талаптарына сәйкес келетін азаматтарды түрлі әскери бөлімдерге бағыттайды», - деді ол өз сөзінде.

Әскерде жақсы нәтиже көрсеткен 3000-нан астам сарбазға жоғары оқу орындарына тегін гранттар беріледі. Сондай-ақ келісімшарт бойынша қызметін жалғастыратын азаматтарға баспана, тегін медициналық көмек, әрі 8 жылдан кейін оқу грантына 50% жеңілдік қарастырылған. Ал 25 жылдық қызметтен кейін мерзімінен бұрын зейнетке шығу мүмкіндігі бар.  

Сарбаздардың үйлеріне оралуы – ең алдымен, олардың ата-аналары үшін зор қуаныш. Бүгін баласымен сағынышпен қауышқан аналардың бірі – Жанат Ыбрайымова.  

«Ұлым Қуаныш әскерден келді. Әскерге кеткенде қатты алаңдадым, уайымдадым. Бірақ бүгін тек қуаныш сезімі бар. Ұлым кіші сержант болып оралды, мінезі сабырлы, жауапкершілігі артқан. Әскерде барлығы жақсы өтті, командирлерімен де байланыста болдық. Әрбір ер азамат әскерге баруы керек деп есептеймін, бұл – өте маңызды тәжірибе. Қуанышым – үйдің жалғыз ұлы, бірақ соған қарамастан, өз еркімен әскерге кетті», – деді Жанат Ыбрайымова.  

Отан алдындағы борышын өтеп келген Ерболат Шахмұхаммұд әскери қызметтің өміріндегі рөлін ерекше атап өтті:  

«Отбасыма оралғаныма қуаныштымын, бірақ әскердегі достарымды қимай тұрмын. Бір жыл бірге болдық, көптеген қиындықты бірге еңсердік. Әскерді сағыну сезімі бар. Ең қиыны жаздағы полигонға шығу болды. Бірақ соның бәрі маған тәртіпті, төзімді болуды үйретті. Болашақта әскери жолды таңдауым да мүмкін», - дейді ол.

Салтанатты шарада Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдар ардагері, ҚР Қорғаныс министрлігінің зейнеткері Марат Тұрабаев сарбаздарға ізгі тілегін білдіріп өлең шумақтарын арнады. 

«Ер жігіттер ел мен жер деп өседі,

Ақыл айтып, қол бастайды көсемі.

Ағайындар, қуанышың құт болсын,

Шымыр болып, келді балаң кешегі!», - деді ол.

Ал Ауғанстан және жергілікті соғыстар ардагерлері одағы төрағасының орынбасары Айтуған Күзербаев сарбаздарды болашақта да адал қызмет етуге шақырды:  

«Құрметті жастар, Отан алдындағы борыштарыңды өтеп келдіңдер. Нағыз ер жігіт, нағыз азамат болып оралдыңдар. Кең байтақ елімізге адал қызмет етіңдер», - деп тілегін білдірді ол.

Ақбаян АРАПШАЕВА