Астанада скандинавиялық жүрістен «Денсаулық жолы» марафоны өтті

Астанада скандинавиялық жүрістен «Денсаулық жолы» марафоны өтті
Фото: Қанат Байұзақов

Бүгін Астанадағы Ботаникалық бақта егде жастағы азаматтарға арналған «Денсаулық жолы: жүрек пен ми саулығы» атты скандинавиялық жүріс марафоны ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Іс-шара Есіл ауданы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Қатысушылар өз мысалдарымен белсенді ұзақ өмір сүруге шынайы мүмкіндік болатынын, ал жас тек құжаттағы сан ғана екенін дәлелдеді.

Марафонның басты мақсаты — жүрек-қан тамырлары ауруларының, неврологиялық аурулар мен когнитивтік бұзылулардың алдын алуға және оларды ерте анықтауға қоғамның назарын аудару. Статистикаға сәйкес, мұндай мәселелерге Қазақстандағы егде жастағы мыңдаған адам тап болады.
Қатысушылар арнайы әзірленген қауіпсіз маршрут бойымен жүріп өтті. Оларға еріктілер мен кардиолог дәрігерлер қолдау көрсетті. Олар жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу бойынша ұсыныстар берді, денсаулық жағдайына жедел бағалау жүргізді, қатысушыларға тілектерін айтып, айрықша назар аударды.

Скандинавиялық жүріс — әсіресе егде жаста ең қолжетімді әрі қауіпсіз дене белсенділігі түрлерінің бірі. Ол денедегі бұлшық еттердің 90%-ына дейін іске қосып, буындарға түсетін салмақты азайтады және жүрек-қан тамырлары жүйесін тиімді жаттықтырады.
 

"Тіпті, жеңіл дене белсенділігі, мысалы, жай серуендеу, таза ауада жүру немесе күнделікті жаттығулар қан қысымын қалыпқа келтіруге, жүрек бұлшық етін шынықтыруға және көңіл-күйді жақсартуға ықпал етеді. Үнемі скринингтерден өту, профилактикалық тексерулер мен дәрігер кеңесіне жүгіну егде жаста өте маңызды. Сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауруларының алғашқы белгілерін біліп, уақытылы назар аудару керек. Ерте диагностика — аурудың алдын алудың ең сенімді жолы", -  деді «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ кардиолог дәрігері Марат Бектаев.
 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, жыл сайын бүкіл әлем бойынша жүрек-қан тамырлары ауруларынан шамамен 18 миллион адам қайтыс болады.


Ал Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы елімізде өлім-жітімнің 22%-дан астамына дәл осы аурулар себеп болған.
Сондықтан, әсіресе егде жаста, жүрек ауруларына әкелетін негізгі қауіп факторларын білу өте маңызды. Олар — аз қозғалысты өмір салты, дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің төмен деңгейі, темекі мен алкогольді қолдану, экологиялық факторлардың әсері.
Аралық қауіп факторлары — гипертония, қан құрамындағы қанттың жоғарылауы, артық салмақ және т.б. Мұның бәрін профилактикалық тексеру арқылы ерте анықтап, инфаркт, инсульт, жүрек жеткіліксіздігі сияқты ауыр асқынулардың алдын алуға болады.
Күніне кемінде 30 минут белсенді қимыл жасау денсаулыққа төнетін көптеген қауіптерді азайтады, көңіл-күйді, мидың жұмысын және жалпы әл-ауқатты жақсартады.
Марафонның «Денсаулық жолы: жүрек пен ми саулығы» деп аталуы да тегін емес: мұнда жылдамдық немесе рекордтар маңызды емес, басты жеңіс өз денсаулығыңызға деген қамқорлық.

"Мен осы жолды жүріп өткенімде жүрегім ән салып тұрғандай болды. Қуана серуендедім, дәрігерлермен сөйлестім, адамдармен араластым, өзіме деген қамқорлықты сезіндім. Біздің жасымыздағы адамдарға мұндай кездесулер өте қажет, күш-жігер береді", - деп әсерін бөлісті марафон қатысушысы Сауле Бекентаева.

Барлық қатысушыларға естелік дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Қатысушылардың арасынана жарысқа отбасымен — балаларымен және немерелерімен бірге келіп, өз туыстарына қолдау көрсетіп жүргендердің қарасы көп. 

"Біз бұл марафонды өткізу арқылы қарт адамдарға қамқорлықтың маңыздылығын еске салғымыз келді. Олар енді денсаулығындағы өзгерістерді байқамауы мүмкін. Біздің аталарымыз бен әжелеріміз — жылулық пен даналықтың қайнар көзі. Олар өмір бойы бізге қамқор болды, енді оларға да сондай мейірімділікпен көңіл бөлуіміз керек. Бүгінгі іс-шара күнделікті дене белсенділігіне ден қоюға бастама болады деп сенеміз. Денсаулықты сақтау, көңіл-күйді жақсарту, өмір сапасын арттыру — бәрі өз қолымызда. Белсенді ұзақ өмір сүру уақытылы әрекет етсек, қолжетімді нәрсе.

Жас ұлғайған сайын ағзада өзгерістер болады, бірақ дәл қимыл, өзіне көңіл бөлу және белсенділік ми мен дененің сергектігін сақтауға көмектеседі. 30 жаста 90-дағыдай шаршаңқы жүруге де болады, ал 90-да 30-дағыдай сергек ойлауымызға да мүмкіндік бар, - деді фармацевтикалық компания өкілі Динара Бірмағанбетова.


«Денсаулық жолы» марафоны денсаулыққа көңіл бөлу мен белсенді өмір салтының маңызын еске салған нағыз саналы өмір салты мерекесіне айналды.