Астанада пара спортшылардың VII cпартакиадасының ашылу салтанаты өтті


Бүгін Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек спорт сарайында тірек-қимыл аппараты, көру мүшелері зақымданған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында Қазақстан Республикасының VII cпартакиадасы ресми түрде ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын спорттық додада Астана қаласы ең көп - 189 пара спортшысын қосса, Ұлытау облысынан ең аз - 13 өкілі жүлдеге таласпақ.
Айтулы шараны Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин ашып, қатысушыларды құттықтады:
"Жетінші мәрте өткізіліп отырған бұл спартакиада — еліміздегі дене мүмкіндігі шектеулі тұлғалар арасында спортты дамытудың маңызды қадамы. Биылғы бағдарламаның ерекшелігі ретінде алғаш рет бочча, садақ ату, паравелоспорт, әйелдер арасындағы голбол сынды жаңа спорт түрлерінің енгізілуін айтуға болады. Сондай-ақ зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында пара жүзу, пара жеңіл атлетика және үстел теннисі бойынша жарыстар ұйымдастырылады. Жалпы жарысқа 2000-ға жуық спортшы қатысады», — деді төраға өз сөзінде.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, VII спартакиадаға қатысушылар алдымен аудан және облыс бойынша іріктеу кезеңдерінен өткен.
Төрт жылда бір рет өтетін бұл ірі спорттық іс-шара биыл еліміздің бес өңірінде өтеді. Жарыс бағдарламасына барлығы 17 спорт түрі енгізілген.
Астана қаласында волейболды отырып ойнау, пара таеквондо, пара дзюдо, бочча, пара би және пара каратэ; Тараз қаласында голбол, пара жүзу, пара пауэрлифтинг; Алматы облысында пара оқ ату және пара жеңіл атлетика; Көкшетау қаласында шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ сайысынан жүлдегерлер анықталады.
VII спартакиаданың қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталып, алдағы халықаралық турнирлерде ел намысын қорғайды.