Астанада отбасылық экологиялық челлендж жалғасып жатыр


Елордада «Менің аулам!» отбасылық экологиялық челленджі жалғасып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын іске асыру, жастар мен жасөспірімдерді ерте кезден еңбекке және тазалыққа баулу, отбасылық дәстүрлерді нығайту, сондай-ақ экологиялық тәрбиені дамытуға бағытталған. Бастама балаларды еңбексүйгіштікке, туған жерін құрметтеуге баулуды, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруды және бірлікті нығайтуды мақсат етеді.
Челленджге Астана қаласының Мәдениет басқармасына қарасты мекемелердің мәдениет қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері қатысады. Челлендж барысында қызметкерлер отбасы мүшелерімен бірге үйінің ауласын қардан, қоқыстан тазалап, әлеуметтік желілерде эстафетаны басқа да әріптестеріне жолдайды.
Алғашқы болып челленджді Әзірбайжан Мәмбетов атындағы драма және комедия театрының қызметкерлері бастады. Одан соң бастамаға басқа да мәдениет ұжымдары қолдау көрсетті.
«Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның ұжымы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді түрде қатысып, «Менің аулам» челледжін қолдаған болатын. Іс-шара барысында қызметкерлер өз аймақтарын тазалап, балаларды еңбекке баулып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосты. Балаларды жігерлендіру мақсатында оларға тәттілер ұсынылды. Филармония ұжымы бұл челленджді қолдайды және Қазақстанның көркеюіне әлі де атсалысатын болады», - деді Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның баспасөз хатшысы Аружан Самарқанова.