Астанада нашақорлыққа қарсы салалық жұмыс тобының отырысы өтті

27 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада нашақорлыққа қарсы салалық жұмыс тобының отырысы өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астана қаласының әкімдігінде нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылды үйлестіру бойынша салалық штабтың кезектен тыс отырысы өтті. Оған ҚР Президенті Әкімшілігі мен Ішкі істер министрлігінің нашақорлыққа қарсы күрес комитетінің өкілдері қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кездесуде бекітілген іс-шаралар жоспарының орындалу нәтижелері талқыланып, ерекше назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелер анықталды. Негізгі назар алдағы Есірткіге қарсы айлықтың сапалы өтуіне аударылды. Әрбір шара нақты нәтижеге жеткізуі тиіс, формальдылыққа айналмауы қажет екені ерекше айтылды.

Жазғы кезеңде нашақорлық топтарының теріс ықпалынан қорғау мақсатында спорттық, мәдени және бос уақыт шараларын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Спорттық турнирлер, шығармашылық шеберлік сыныптары мен фестивальдерді мотивациялық сыйлықтармен өткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар қаржылық алаяқтық схемаларына тартылатын «дропперлер» мәселесі де қаралды. Алдын алу шарасы ретінде жастардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға психологтар мен құқық қорғау органдарының қатысуы ұсынылды.

Нашақорлыққа қарсы саналы көзқарас қалыптастыруда өнер арқылы жастарға әсер ететін театралдық қойылымдардың тиімділігі де атап өтілді.

Сонымен бірге, тұрғындардың қауіпсіздік пен нашақорлыққа қарсы профилактика мәселелері бойынша қалалық қызметтермен жедел байланысуын қамтамасыз ететін «Смарт Астана» мобильді қосымшасының функцияларын кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

Отырыстың соңында Ішкі істер министрлігі еліміздегі есірткі ахуалына және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларға шолу жасады.

Қатысушылар Астананың жастар денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жүйелі және кешенді тәсілдің маңыздылығын растады.