Астанада тағы бір жаңа аллея ашылды

Бүгін, 11:48
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views52
Астанада тағы бір жаңа аллея ашылды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қала тұрғындарының демалысы мен серуендеуі үшін абаттандырылған жаңа аллея ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жаңа аллея «Алматы» ауданының Қайрат Рысқұлбеков көшесі бойында орналасқан және еңбек династияларына арналады. Ашылу салтанатына аудан әкімдігінің қызметкерлері мен жақын маңдағы үйлердің тұрғындары қатысты. Жиналғандардың алдында «Елорда» хоры мен Е.Рахмадиев атындағы қалалық филармония әртістері өнер көрсетті. Бүлдіршіндер үшін ойындар, викториналар өткізіліп, аниматорлармен көңіл көтеру бағдарламасы ұйымдастырылды. 

Отбасылық демалысқа жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Балаларға арналған кең ойын алаңына қауіпсіз тартан жабындысы төселіп, заманауи шағын сәулеттік элементтер орнатылды. Сонымен қатар заманауи және ыңғайлы орындықтар, қоқыс контейнерлері қойылып, автотұрақ аумағы кеңейтілді, жаңа асфальт төселді және жарықтандыру жүйесі орнатылды.

Аллея бойына 200-ден астам ағаш отырғызылды.

Айта кетейік, биыл елордада шамамен 170 аула мен қоғамдық кеңістік (гүлзарлар, желекжолдар, саябақтар) абаттандырылуда. Бұл жұмыс барлық ауданды, оның ішінде тұрғын алаптарды қамтиды. Қазіргі уақытта жұмыстың басым бөлігі аяқталды.