Елімізде кей азаматтарға несие төлеу мерзімін кейінге қалдыруға рұқсат беріледі

Бүгін, 12:07
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views50
Елімізде кей азаматтарға несие төлеу мерзімін кейінге қалдыруға рұқсат беріледі
Фото: freepik.com

Қазақстанда несиені төлеу мерзімін кейінге қалдыру ережелерін айқындайтын қаулы шықты. Жеңілдік әлеуметтік тұрғыдан осал топқа жататын азаматтарға және төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге беріледі, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие бойынша төлеу мерзімін кейінге қалдыру ережелерін, сондай-ақ берешекті өтеу үшін қажетті құжаттар тізбесін айқындайтын қаулы қабылдады.

Қаулыға сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) енді өмірде қиын жағдайға тап болған қарыз алушыларына несие төлеу мерзімін ұзарту құқығын беруге міндетті.

Ведомствоның мәліметінше, бұл норма халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан қарыз алушыларға және төтенше жағдайлардан зардап шеккен азаматтарға қатысты.

Азаматтарға несиесін төлеуді кейінге қалдыруға рұқсат кемінде 3 айға, бірақ шарт бойынша халықтың әлеуметтік осал тобына жататын қарыз алушының табысы өтініш бергенге дейін немесе атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалардан екі ай бұрын 30 пайыздан астам сомаға азайған жағдайда беріледі.

Несиені төлеуді кейінге қалдыруға рұқсат комиссиялық алымсыз немесе басқа төлемсіз беріледі.

Еске сала кетейік, мерзімі өтіп кеткен несиесі бар қазақстандықтар оны реттеуге әрекет жасай алады. Ол үшін олар несие берушіге хабарласып, өз шешімін ұсынуы керек.

Қарыз беруші негізсіз бас тартпауы үшін немесе жауапты кешіктірмеуі үшін агенттік банктерге ұсынылуға тиіс құжаттардың тізбесін де анықтады:

-жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама;

-соңғы алты айдағы табысы туралы анықтама;

-жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу немесе ақысыз еңбек демалысын беру туралы актісі немесе еңбекке уақытша жарамсыздық туралы құжат;

-жалақысы көрсетілген жұмыс орнынан анықтама;

-Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) үзінді көшірме;

-үш жасқа толмаған балаға жүктілігі және босануы бойынша демалысты растайтын құжат.

Осылайша әлеуметтік осал санаттағы қазақстандықтар, сондай-ақ төтенше жағдайлардан зардап шеккен азаматтар қиын өмір жағдайынан құтылуға мүмкіндік беретін несие үзілісіне үміттене алады.