Астанада мектеп оқушыларының жазғы демалысы қалай ұйымдастырылады

Бүгін, 18:14
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада мектеп оқушыларының жазғы демалысы қалай ұйымдастырылады
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елорданың білім беру ұйымдарында 2024-2025 оқу жылының аяқталуы және балалардың жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру барысын түсіндіріп берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл елорда мектептерінде 288 531 оқушы (мемлекеттік 115 мектепте – 236 956 оқушы, жекеменшік 74 мектепте – 45 014, республикалық 7 мектепте – 6561 оқушы) білім алды.

Оның ішінде 11-сыныпты 14 274 түлек, ал 9-сыныпты 24 479 оқушы аяқтайды. 444 оқушы «Алтын белгіге», 1 087 оқушы үздік аттестатқа үміткер.

Оқу жылы 2025 жылдың 23 мамырында аяқталады. Жыл қорытындысы ретінде елорданың барлық мектебінде «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Аталған іс-шаралар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына негізделіп, оқушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталады.

«Сынып сағаттары аясында оқушылар «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» бағыттарында эссе жазады. Сонымен қатар, жазғы демалыс кезеңінде оқуға ұсынылатын кітаптар тізімі беріліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, демалысты алдын ала жоспарлау, қосымша білім беру ұйымдарына қатысудың маңызы мен еңбек дағдыларын қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», - дейді спикер.

11-сынып түлектері үшін оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты іс-шара 2025 жылғы 24 мамыр күні сағат 10:00-де өтеді.

Қорытынды аттестаттау:

• 9-сынып оқушыларының қорытынды емтихандары 2025 жылғы 29 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді;

• 11 (12) сынып оқушыларының мемлекеттік емтихандары 30 мамыр мен 16 маусым аралығында өтеді.

«Барлық емтихан сағат 09:00-де басталады. Емтихан материалдары сол күнгі таңғы сағат 07:00-де беріледі. Емтихандардың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету – басты назарда. Негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды салтанатты табыстау рәсімдері 18-20 маусым аралығында мектеп қабырғасында ұйымдастыралды.

Емтихан кезеңін ескере отырып, артық шығындарға жол бермеуге шақырамыз. Барлық түлекке тең және қауіпсіз жағдай жасау мақсатында аста-төк кештер, автокөлікпен серуендеу, қаражат жинау сынды іс-шараларды өткізуді ұсынбаймыз. Ата-аналар мен оқушыларға қандай да бір қаржылық міндеттемелер жүктеуге қатаң тыйым салынғаны жөнінде тиісті бұйрық шығарылғанын хабарлаймыз», - дейді Қасымхан Сенғазыев.

2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша елордадағы 32 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымын (оның ішінде 9-ы – мемлекеттік, 23-і – жекеменшік) 11 646 түлек тәмамдайды. Оның ішінде: 6 814 түлек – мемлекеттік тапсырыс негізінде, 4 832 түлек ақылы негізде білім алған.

Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептердің 11-сынып оқушыларына арналған эксперименттік білім беру бағдарламасы аясында жұмысшы біліктілігі бойынша 155 түлекке диплом табысталды. Атап айтқанда:

• Автомобиль жөндеу слесарі – 27,

• Аспазшы – 48,

• Тігінші – 9,

• Электргазымен дәнекерлеуші – 71 жоғарғы сынып оқушылары аяқтап, мамандық иесі атанды.

Білім алушылардың үлгерімі ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау шеңберінде демонстрациялық емтихан форматында жүзеге асырылады.
Бұл тәсіл білім алушылардың құзыреттілігін әділ, нақты және заманауи талаптарға сай бағалауға мүмкіндік береді; жұмыс берушілерге үздік түлектерді тікелей жұмысқа орналастыру мүмкіндігін ұсынады.

Жазғы демалыс кезеңінде Астана қаласы бойынша 1-10 сынып аралығындағы 210 мыңнан астам оқушыны, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санатындағы 11 мыңнан астам баланы қамту жоспарлануда.

Білім беру ұйымдарының жанынан төмендегідей лагерьлер ұйымдастырылады:

• 92 мектеп жанындағы лагерь – 55 200 оқушы,

• 192 бейінді лагерь – 11 520 оқушы,

• 10 тақырыптық жоба – 142 298 оқушы,

• 1 қала сыртындағы лагерь – 1 400 бала.

Қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне 4 мыңнан астам бала жіберіледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді.

2025 жылғы 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Ақмола облысы, Ақкөл ауданында орналасқан «Барап» балалар спорттық-сауықтыру орталығының ашылуы жоспарланып отыр. Жобалық қуаттылығы – бір ауысымда 200 бала, жазғы маусымда – жалпы 1 400 бала демалады деп жоспарланып отыр.

«Елордадағы 13 қосымша білім беру ұйымының базасында тақырыптық күндізгі лагерьлер мен қолданбалы өнер, шет тілдері және жүзу бағыттары бойынша қысқа мерзімді үйірмелер жұмыс істейтін болады.

Балалардың демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігі – басты назарда. Осыған орай білім беру ұйымдарының басшыларымен бірлесіп, полиция, төтенше жағдайлар, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және қоғамдық денсаулық сақтау басқармалары өкілдерінің қатысуымен нұсқамалар, семинарлар және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әрбір ұйымға қауіпсіздік техникасы туралы жадынамалар таратылды», - дейді Білім басқармасының басшысы.