Астанада М.Жұмабаев көшесінің бір бөлігі уақытша жабылды

Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы М.Жұмабаев көшесінің Қажымұқан көшесінен Б.Момышұлы даңғылына дейінгі аралығына жөндеу жұмыстарын жүргізеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Осыған байланысты, 2-12 қыркүйек аралығында көрсетілген учаскеде қозғалыс ішінара жабылады. Бұл ретте автокөліктердің қозғалысы тараптардың бірімен екі бағытта да ұйымдастырылатын болады.
«Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден маршруттарды алдын ала жоспарлауды және қозғалысты ұйымдастырудағы ықтимал өзгерістерді ескеруді сұраймыз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықты азайту үшін уақытша жол белгілері мен көрсеткіштер орнатылатын болады.
Осы өзгерістерге түсіністікпен қарауды және қала бойынша қозғалыстарды жоспарлау кезінде оларды алдын ала ескеруді сұраймыз», - делінген хабарламада.



