Астанада халық жазушысы Төлен Әбдік дәріс оқыды

Бүгін, 17:21
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views77
Астанада халық жазушысы Төлен Әбдік дәріс оқыды
Фото: Сұлтан Сейіт

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының елордалық филиалы «Классик ұстаханасы» атты жобаны бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аталмыш жобаның алғашқы қонағы, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік «Жазушы лабораториясы» тақырыбында дәріс оқыды.

Sintez театрында өткен классик қаламгердің дәрісіне қарақұрым халық жиналды. Қалың көпшілік арасынан Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен де табылды.

Дәрісті белгілі ақындар мен жазушылар, ғалымдар мен оқырман қауым ықылас қоя тыңдады.

4 қыркүйек – Төлен Әбдіктің туған күні. Кездесу соның қарсаңында өткендіктен, қала әкімінің орынбасары Есет Байкен өзінің құттықтауын жеткізді.

«Қазір біздің арамызда аты аңызға айналған осындай адамдар барда олардың айтқандарын өз ауыздарынан жазып алып, жазушылық лабораториясындағы ерекшеліктерін біліп қалу керек. Мұндай дәрістер жас буын қаламгерлерге рухани азық, мотивация болады. Осындай кездесулер әртүрлі форматта әлі де жалғасады. Төлен ағамызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз! Арамыздан аман-есен табыла берсін», - деді Есет Байкен. 

Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы осындай мүмкіндікті берген қала әкімдігіне алғыс айтты.

«Әдебиетіміздің алыптары дүниеден озған сайын «Өйту керек еді, бүйту керек еді» деп санымызды соғып қаламыз. Бірде-бір классигіміздің лекциясын жазып алмаппыз. Анда-мында жазып алынған қысқаша сұхбаттарға мәзбіз. «Классик ұстаханасы» жобасы сол олқылықтың орнын толтыру үшін қолға алынды», - деді Бауыржан Бабажанұлы.

Оның айтуынша, дәрісті оқығандарға қаламақы төленіп, дәріс Ютуб каналы арқылы таралады.