Астанада Халықаралық балаларды қорғау күні қалай аталып өтеді

30 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада Халықаралық балаларды қорғау күні қалай аталып өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

1 маусым – дүниежүзінде Халықаралық балаларды қорғау күні ретінде атап өтіледі. Жаздың алғашқы мерекесіне орай елордада «Астана балалары» атты жалпы тақырыппен әртүрлі форматтағы ондаған іс-шара өткізіледі. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап фестивальдер, байқаулар, челлендждер, концерттер, қойылымдар және басқа да қызықты бағдарламалар ұйымдастырылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

30 мамыр күні сағат 11:00-де «Үміт» дағдарыс орталығында «Балалық шақ – балдәурен» атты концерттік бағдарлама өтеді. Сағат 15:00-де «Көктал» паркінде Балаларды қорғау күніне арналған отбасылық спорттық мереке ұйымдастырылады. «Сарыарқа» ауданының тұрғындары үшін «Әке, ана және мен – спорттық отбасы» атты көңілді старттар өтеді.

Сондай-ақ Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық оркестрі «Өнерлі ұрпақ» музыкалық бағдарламасын ұсынады. Іс-шара сағат 12:00-де және 15:00-де Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өтеді, оған жас классикалық орындаушылар қатысады.

31 мамыр күні сағат 12:00-де «Тарлан» мұз аренасында балаларға арналған көңілді мұз үсті ойындары өтеді. 31 мамыр мен 1 маусым күндері «Жетісу» паркінде «БөпеFair» отбасылық танымдық-ойын-сауық фестивалі өтеді. Бұл шара отбасылық демалысты ұйымдастыруға, бірлескен шығармашылықты дамытуға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Қонақтарға арнайы тақырыптағы ойындар, шеберлік сабақтары және бүкіл отбасыға арналған интерактивті аймақтар ұйымдастырылады.

1 маусым күні қаланың білім беру ұйымдарында жазғы лагерьлер жұмысын бастайды. Сол күні Abu Dhabi Plaza сауда-ойын-сауық орталығында балаларға арналған анимациялық мерекелік бағдарлама өтеді. Бағдарламада – крафт ойындары, мүсіндеу, ашықхат жасау, қуыршақ театры, аквагрим, өзгерістер және Life Band музыкалық тобы қатысатын жарқын флешмоб.

1 маусым күні сағат 10:00-де «Колизей» баскетбол алаңында (Қажымұқан көшесі жағынан орналасқан Студенттік паркте) «Толағай» атты «Алматы» ауданы балалары арасында көңілді старттар өтеді. Барлық аудан тұрғыны шақырылады.

Сондай-ақ 1 маусымда «Нұра» ауданында Балаларды қорғау күні аясында «Ұлттық құндылық – бала тәрбиесі» атты іс-шара өтеді. Бағдарлама «Үркер» тұрғын алабының үш локациясында өтеді: №69 орта мектептің гүлзары – сағат 10:30-да, «Дене шынықтыру-сауықтыру кешені» гүлзары – сағат 11:00-де, «Айғыржал» гүлзары – сағат 11:30-да.

1 маусым күні сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін Қалалық алаңда №2 Өнер мектебі оқушыларының «Өнерліміз бәріміз, бақыттымыз бәріміз» атты концерттік бағдарламасы және «Біз бақытты балдырған» атты көрме-концерт өтеді.

Сағат 10:00-ден 14:00-ке дейін елорданың Орталық паркінде Психологиялық қолдау орталығы қала тұрғындарына кеңес беру үшін арнайы аймақтар ұйымдастырады. 12:00-де филармонияның Камералық залында «Ұлт аспаптар әлеміне саяхат» атты интерактивті дәріс-концерт өтеді. Іс-шараны «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі орындайды.

Сағат 11:00-де М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Владимир Илюховтың «Как Настенька чуть кикиморой не стала» ертегісі қойылады. Бұл – достық, батылдық және отбасылық құндылықтар жайлы ертегі. Сол күні мектептерде, аула спорт алаңдарында, Жазушылар аллеясында оқушыларға арнап «Көңілді старттар» ұйымдастырылады.

14:00-ден 17:00-ге дейін Қалалық алаңда «Отбасы Time» отбасылық жобасының ашылуы өтеді. Жазғы маусымда елорда парктерінде отбасылық демалысқа бағытталған мәдени және танымдық шаралар жоспарланған. Өзекті ақпарат Астана қаласы Мәдениет басқармасының Instagram желісіндегі ресми @astana.madeniet парақшасында жарияланады.

Сол күні елордада Балаларды қорғау күніне орай II Халықаралық клоундар фестивалі өтеді. Фестиваль аясында сағат 11:00-де «Нұржол» жележолында әртүрлі елдердің өнерпаздары қатысатын клоундар шеруі басталады (шеру «Бәйтерек» монументінен «Хан Шатыр» СОСО-ның қарсы бетінде орналасқан «Ғашықтар» паркіне дейін өтеді). Мерекелік шара 16:00-де Kazmedia Hall сахнасында ең жас елордалықтарға арналған қайырымдылық гала-концертпен аяқталады.

Қалалық Қуыршақ театры мереке күні «Мысықтар әлемі» спектаклін ұсынады. Қойылымдар 12:00-де және 16:30-да өтеді. Балаларды қызықты оқиға мен сиқырға толы атмосфера күтеді.

12:00-ден 14:00-ке дейін «Көктал-2» тұрғын алабындағы «Қорғалжын» гүлзарында концерт өтеді.

Сондай-ақ 1 маусымда Елорда циркі «ХороШоу» атты мерекелік бағдарламаға шақырады. Қонақтарды әуе гимнастары, акробаттар, шебер жонглерлер және би қойылымдары күтеді. Басталуы – 17:00-де.

Мереке күні Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында «Асан мен Үсен» ертегісі қойылады. Басталуы – 15:00.

«Ғашықтар» паркінде 1 маусым күні жәрмеңке, байқаулар, ойындар мен квестерден тұратын EUROFEST 2025 бағдарламасы өтеді.

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Балалықтың бойтұмары» концерті, спорттық эстафета, асфальтқа сурет салу мен ойындардан тұратын мазмұнды бағдарлама өтеді.

2 маусым күні елордада «Дидарлы жаз 2025» атты жазғы мектеп жанындағы спорттық-ойын алаңдарының ашылуы және «Саз әлемі» жазғы мектеп лагері ашылады.
Сол күні «Өндіріс», «Кирпичный», «Қазқалашық», «Промышленный», «Күйгенжар», «Мичурино», «Отау» тұрғын алаптарында да Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік шаралар өтеді.

Сағат 11:00-де Ailand отбасылық демалыс орталығының жазғы алаңында «Ерекше мерекелер» қоғамдық қорының концерті өтеді.