Астанада Egemen Qazaqstan газетінің 105 жылдығы аталып өтті


Басылымның 105 жылдық мерейтойына орай Астанада «Егеменнің» елдік жолы» мәдени-интеллектуалдық форумы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оған мемлекеттік органдар мен БАҚ басшылары, қазақ баспасөзінің ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мұнда жиналғандар газет ұжымын құттықтап, ақ тілектерін арнады. Ыстық лебізін білдіргендердің қатарында Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, Elorda Aqparat ЖШС директоры Олжас Сыдықбек, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр және т.б. бар.
«Газет – зиялылардың ақыл-ой, сындарлы ұсыныс, салиқалы пікірталас алаңы. Биыл журналистика күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Шын мәнінде газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуі тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр» деп бәрімізді жігерлендіретін ой айтты. Бүгінгі форумның бір мақсаты – осы ойды салаландыру», - деді «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хатын оқыды.
«Құрметті Дихан Қамзабекұлы! Сізді және өзіңіз басқарып отырған ұжымды, барша қаламгер қауымын ел газеті Egemen Qazaqstan-ның 105 жылдығымен құттықтаймын. Алғаш «Ұшқын» болып ашылған Egemen Qazaqstan газетін әр жылдары Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Сауытбек Әбдірахманов сынды алыптар шоғыры басқарды. Газет – қай кезде де халықтың көзі. Газет елдік мәселелерді көтеріп келеді. Egemen Qazaqstan араласуымен шешілген мәселелердің санында шек жоқ. 105 жылдығына қадам басқан осы газет ұжымына сәттілік тілейміз», - деп жазылған әкім құттықтауында.
Сондай-ақ жиында Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын оқып берді.
Мәслихат депутаты Ғабит Тәжімұратов Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовтың құттықтауын оқыды.
«Құрметті Дихан Қамзабекұлы және Egemen Qazaqstan газетінің ұжымы! Сіздерді газеттің 105 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Баспагерлік әлемде өзіндік дәстүрлері, оқырманы қалыптасқан іргелі газеттің 105 жылдығы – отандық және күллі қазақ әлемінің мерекесі. «Ұшқын» атауымен бастау алған басылымның тәуелсіз Қазақстанның символына айналып, бүгінгі таңда қоғам өмірінің басты оқиғаларын таразылап, ұлттық идеологияны, мемлекеттік саясатты насихаттау бағытында ауқымды қызмет атқарғаны баршамызға белгілі.
Құрметті Egemen Qazaqstan газеті редакциясының ұжымы! Сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Сіздерге шығармашылық табыс, сәттілік тілей отырып, еліміздің ақпарат саласындағы абыройы мен беделі әрдайым жоғары болуын тілеймін», - деп жазылған құттықтауда.
Жиын барысында газеттің 105 жылдығына орай ұжым қызметкерлері Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерімен, құрмет грамоталарымен сондай-ақ алғыс хаттармен марапатталды.
Қазіргі таңда басылым аптасына 5 рет шығып, 80 мың тиражбен еліміздің түкпір-түкпіріне тарайды. Оның интернет нұсқасы да бар. Осылайша газет оқырмандарын үнемі маңызды оқиғалардан хабардар етеді.
Айта кетейік, Egemen Qazaqstan 1919 жылдан бері жарық көріп келеді. Алғаш рет «Ұшқын» деген атаумен шыққан газет 1993 жылдан бастап Egemen Qazaqstan болып өзгерді. Газет ел бірлігін нығайтуға үлес қосып, еліміздің әлемдік саяси сахнада мойындалған жетістіктерін насихаттап келеді.