«15 жылдан бері автобус жүргіземін»: елордалық көлік маманымен сұхбат


Elordainfo.kz тілшісі Астанадағы №1 автобус паркінде қызмет ететін жүргізушілердің жұмыс барысымен танысып қайтты.
Астанада күн сайын 740-қа жуық қоғамдық автобус жолға шығады. Олар күніне орташа есеппен 800-1000 жолаушыны тасымалдайды. Автобусты күту уақыты қысқарған. Мәселен, бұрын адамдар кейбір автобустарды 20 минут күтсе, қазір ол 12 минутқа дейін.
Автобус паркінде көпжылдық еңбек өтілі бар жүргізушілер қызмет етеді. Солардың бірі – 42 жастағы Қызылорда қаласының тумасы Руслан Бекетаев. Ол 2002 жылы Астанаға қоныс аударған.
«Көлік саласында еңбек етіп жүргеніме 15 жылдан асты. 2010 жылы шағын микроавтобус жүргізе бастадым. Ал 2012 жылдан бері осы автобус паркінде жүргізуші болып қызмет етемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Жұмыс барысында жүргізуші сабырлы, сыпайы, ұқыпты болуы керек», - деді Руслан Ондабайұлы.
Сөз арасында жұмыс күні қалай өтетінін сұрап-білген едік.
«Біздің жұмысымыз таңмен таласа басталады. Біз таңғы сағат 5-те жұмысқа келіп, алдымен диспетчерлік қызмет бөліміне барамыз. Мұнда маршруттар белгіленген жол жүру парағын аламыз. Кейін медициналық тексерістен өтеміз. Мамандар біздің күнделікті қан қысымымыз бен алкогольдік күйімізді тексереді. Бұдан сәтті өткен жағдайда жолға шығамыз», - деді спикер.
Кейіпкеріміз автопаркте 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан жүргізушілер бар екенін айтты. Жалпы жүргізушілердің орташа жасы - 42-45 жас. Сондай-ақ мұнда кәсіби біліктілігі жоғары 9 әйел жүргізуші қызмет етеді. Ең алғашқы автобус таңғы сағат 5:30-да жолға шығады.
«Автобус паркінде бір автобусқа екі жүргізушіден бекітіледі. Ал медициналық тексерістен өтпегендер міндетті түрде басқа жүргізушімен алмастырылады», - деді ол.
№1 автобус паркі 1974 жылы құрылған. Ғимараты ескі болса да, айналасы тап-таза әрі жайлы орын болып көрінді. Аумағында темірдей тәртіп барын байқауға болады.
Сондай-ақ ол автобус жүргізушісіне қойылатын талаптарды атап өтті. Жүргізушілер 23 жастан бастап қабылданады. Оның өтілі үш жылдан кем болмауы қажет. Автобус паркіне жұмысқа келгендер психологиялық тест тапсырады. Арнайы психолог мамандар олардың қиын жағдайда дұрыс әрекет етуіне көмек береді.
«Мұнда жұмысқа қабылданбас бұрын жолдағы қауіпсіздік, психологиялық дайындық секілді дәрістерді тыңдаймыз. Көлік жүргізушісінің D санатындағы жүргізуші куәлігі болуы қажет. Куәлікті алған соң, біліктілікті арттыру мақсатында арнайы оқу оқып, тест тапсырамыз. Сондай-ақ психологиялық дайындыққа аса мән беріледі.
Бүгінгі таңда қоғамдық автобустар заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда ауа баптағыш, бейнебақылау камерасы, пандус бар», - деп сөзін түйіндеді ол.