Астанада асық атудан ашық біріншілік өтті

Астанада асық атудан ашық біріншілік өтті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Aspan спорт кешенінде асық ату спортынан Астана қаласының чемпионаты өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын біріншілікке 2009-2011 жылы туған жасөспірімдер қатысып, «Шеңбер» және «Бес табан» ойыны бойынша бақ сынасты.

«Бүгінгі Астана қаласының  ашық біріншілігіне 11 команда, барлығы 47 ойыншы қатысып отыр. Чемпионатқа қатысуға қаламыздағы спорт кешендерінен бөлек, ағылшынша білім беретін оқу ордаларының бірі - «Қуанту» мектебі де қызығушылық  танытты. Осы жарыстан жеңгендер республикалық біріншілікке жолдама алады», - деді жарыстың бас төрешісі Дулат Омаров.

Ол бүгінде ұлттық спорттың бірі – асық ату қарқынды дамып келе жатқанын айтты.  

Мәселен, жарыс қатысушысы, елордадағы №84 мектептің оқушысы Нұралхан Сағындық бұл жарыс түріне үш жылдан бері қатысып келеді, жетістіктері де аз емес.

«Мен 4-cыныптан бастап асық ойнай бастадым. Ұлттық спортқа досымның шақыруымен келдім. Қазақтың ұлттық ойыны бойынша қалалық жарыстарға екі рет қатысып, екеуінде де 1-орынды жеңіп алдым. Сондай-ақ ұлттық лигада 1-орын, ал республикалық чемпионатта 3-орын иелендім», - деген ол алғашында танымал болмаған бұл спорт түрі кейін жастар арасында кең тарай бастағанын айтты.

Осы біріншілікке ойыншы қыздарды жаттықтырып әкелген асық ату спорты үйірмесінің жетекшісі Айнұр Өскенбаева аталған спорт түріне қатысуға қыздардың да ынтасы жоғарылағанын атап өтті.

«Бүгінгі чемпионатта қыздар бес асықты ойнап жатыр. Әр командада үш ойыншыдан бақ сынайды. Олар ұлттық ойынды елордалық мектептердегі үйірмелерден үйренуде», - деді №86 мектептің дене шынықтыру мұғалімі, асық үйірмесінің жетекшісі Айнұр Өскенбаева.

Асық ату ойынын үйренгеніне жарты жыл болған №67 мектеп оқушысы Ботагөз Берік қалалық жарысқа осымен төртінші рет қатысып отыр екен.

«Асықты шебер ату үшін қолыңның тез қимылдауы ғана емес, ақыл-ойыңның ұшқырлығы да керек. Жалпы, бұл ұлттық ойын түрі мергендік қасиетті шыңдайды», - дейді Ботағөз Берік.

Аталған жарысқа қатысушылар арасында спорт шеберіне үміткерлер де бар.