Астанада 9 мың қаңғыбас ит пен мысыққа микрочип салынды
Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаңғыбас иттермен күрес және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары туралы айтылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Былтыр елордада 9 мың қаңғыбас ит пен мысыққа микрочип салынды. Бұл жануарлардың мәліметтері «Tanba» үй жануарларын тіркеудің бірыңғай базасында тіркеліп, питомникке тапсырылады.
Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Самат Абдуллиннің айтуынша, микрочип жануарларды идентификациялауға, олардың денсаулығын бақылауға және үй жануарларын ұрлаудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ол қаңғыбас жануарлардың санын реттеу үшін биыл 5 мың ит пен мысықты стерилизациялау жоспарланғанын жеткізіді.
«Осы жылы 5 000 жануарды стерилизациялау жоспарланған, оның 3 мыңы ит, 2 мыңы мысық. Бұл шаралар санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға және Астанадағы қаңғыбас жануарлар санын азайтуға мүмкіндік береді», - деді Самат Абдуллин.