Астанада 8 мыңнан астам түнгі тыныштықты бұзу дерегі тіркелді


Астанада 2025 жылдың алғашқы тоқсанында қоғамдық тәртіпті бұзу, соның ішінде түнгі тыныштықты сақтамау бойынша 8 500-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық фактісі тіркелді. Бұл – ішкі істер органдарының тұрғындар тыныштығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысының өзектілігін айқын көрсетеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Шағымдардың басым бөлігі – көпқабатты тұрғын үйлерге жақын орналасқан қоғамдық тамақтану орындарынан түсуде. Әсіресе, түнгі уақытта қатты музыка ойнатылып, мазаны алатын шу-келеңсіздіктерге байланысты тұрғындар жиі арыздануда. Мәселен, «Байқоңыр» ауданындағы дәмханалардың біріне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, оның иесіне айыппұл салынды», - делінген хабарламада.
Қоғамдық тәртіпті сақтау – полицияның басты міндеттерінің бірі. Осыған орай елордалық тәртіп сақшылары тыныштықты сақтау бағытындағы бақылауды күшейтуде. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабына сәйкес, түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Астана қаласының полиция департаменті тұрғындарды тыныштықты бұзатын оқиғалар туралы дереу 102 нөміріне хабарлауға шақырады. Қоғамдық тыныштық пен тәртіп – әр азаматтың әл-ауқаты мен қауіпсіздігінің кепілі. Оны сақтау – ортақ жауапкершілік.