Қаланың дамуына жеке инвестициялар тарту ары қарай жалғасады
Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бүгін инвестициялық штаб отырысында инвесторлардың ұсыныстарын қарадық. Мәселен, олар – 1700 орынға арналған екі мектептің құрылысы, диагностикалық орталық, цех және өндірістік қойма, 15 мың паллет орнына есептелген тоңазытқыш қоймасы, түсті металдар қорытпалары мен қышқыл аккумуляторлар шығаратын зауыт. Сол сияқты жабық тұрақ салу мәселесін қарастырдық», - деді Жеңіс Қасымбек.
Ол, сондай-ақ, бұл жобалардың қаланың дамуына жеке қаражат тартып қана қоймай, тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін айтты.
«Өңірлік инвестициялық штаб отырыстарын тұрақты негізде өткізіп тұрамыз. Онда әрбір жобаны жеке қарастырып, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Бірінші кезекте тұрғындар мен қаламызға қажетті жобаларды қолдаймыз», - деді қала әкімі.