«Мектепке жол»: Елордалық оқушыларға кеңсе тауарларымен бірге 260 портфель табысталды
Елорданың Сарыарқа ауданы әкімдігінде бастауыш сынып оқушыларына мектепке қажетті заттарымен бірге портфельдер және Елбасы жазған оқулық табысталды. Шара жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясы аясында өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. Аталған акция ұйымдастырушылары – Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Nur Otan партиясы, «Ел тірегі» өндірушілер мен кәсіпкерлер одағы, сонымен қатар Қазақстандағы Біріккен Араб Әмірліктерінің елшілігі. «Біз бастауыш сынып оқушыларына мектеп сөмкелерін сыйлаймыз. Онда бірінші кезекте, Елбасы 1-сыныпқа барушыларға арнап жазған оқулық ұсынылады. Балалар сол арқылы білімге деген алғашқы қадамдарын жасайды. Бүгін біз елордалық оқушыларға 260 сөмке береміз. Өткен аптада сол сияқты 160 сөмке сыйлаған болатынбыз. Жалпы, мұқтаж отбасылардың балаларын көптеп қамтуға тырысамыз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ел тірегі» өндірушілер мен кәсіпкерлер одағының басқарма төрағасы Нұржан Әлтаев. Оның сөзінше, мұндай акциялар еліміздің басқа да қалаларында өткізіледі. «Мектепке жол» жыл сайынғы акция жобасының белсенді қатысушысы болғаны үшін елорда әкімдігі атынан БАӘ елшісіне Алғыс хат берілді. Сарыарқа ауданы – елордадағы 4 ауданның ішіндегі ең ірі ауданның бірі. Бұл аудан аумағында 32 мектеп бар болса, онда 56 мыңнан астам оқушы білім алады. Сондықтан көптеген отбасы үшін кеңсе тауарлары құнды сыйлық болып саналатынын айтады ата-аналар. Салтанат Қазбекованың қызы Алтынай биыл 3-сыныпқа барады. Ол да акция аясында мектеп сөмкесіне ие болды. Еңбекқор оқушы параолимпиадалық биге қатысып, халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғайды. Алтынай – отбасындағы төртінші бала, жалғыз қыз. «Осындай акция өткізіп жатқаны үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді. Әкімдік пен Nur Otan және барлығымыз ортақ іспен, яғни балаларымыздың жағдайын жасайтындығымыз қуантады. Мектеп сөмкелерінде оқуға қажетті барлық зат бар. Яғни, дәптер, қалам, қарындаш және бояу т.б.», – дейді Салтанат Қазбекова.