ТЖМ: Бір тәулікте 132 адам құтқарылып, 23 бірлік техника шығарылды
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 8 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қарағанды, Маңғыстау, СҚО және Түркістан) дауылды ескерту жарияланды. ТЖМ ахуалдық орталығында Республикалық жедел штаб жұмыс істейді, оған «Қазақавтожол» ЖШС және «ҚазАвтоЖол»ҰК АҚ қызметкерлері кірді. Осындай штабтар Ақмола, Қарағанды, СҚО, Қостанай, Павлодар, Атырау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейді. "Қазіргі уақытта ауа райының нашарлауына байланысты (боран, қар, нашар көріну, көктайғақ) республикалық маңызы бар автожолдардың 22 учаскесі және 9 өңірде 32 облыстық маңызы бар учаске жабылды, бұл Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары. Бекеттерде Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарында барлығы 678 бірлік автокөлік және 1 083 адам тұр. Жабық жол учаскелерінде халықты эвакуациялау үшін 473 жылыту пункті дайын. Қазіргі уақытта Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарының жылыту пункттерінде 186 адам орналастырылды. Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында ТЖМ аумақтық бөлімшелерімен 23 бірлік техника шығарылып, 90 адам құтқарылды және 42-сі эвакуацияланды", - делінген хабарламада. Шұғыл жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, жол қызметтері, ЖАО барлығы 892 адам және 534 бірлік техника жұмылдырылды. Халықты ескерту мақсатында ауа райының нашарлауы туралы 38 СМС-хабарламаны тарату жүзеге асырылды, «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы 42 хабарлама жіберілді. Уақытылы ақпараттық-психологиялық көмек көрсету үшін Республикалық жедел штабта және өңірлерде (Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, БҚО, Қостанай және СҚО) «Жедел байланыс желісі» істейді.