«Кезінде Мырзатай Жолдасбеков ағамыз басшылық қызметте жүргенінде астананың ұлттық келбетін қалыптастырып еді. Елбасының өзі де ол кісіге сондай тапсырма берген болатын. Содан Мырзатай аға жан-жақтан осында айтыс ақындарын, әншілерді тартты. Ұлттық оркестр құрды. Одан кейін ұлттық театр құрды. Сол театрдан біз Алпамыстарымызды көруші едік. Алайда Мырзатай аға қалай басқа қызметке ауысты, ұлттық театр да сол күйі жабылды. Ұлттың келбеті неде? Ұлттың келбеті ең бірінші ана тілімізде және салт-дәстүрімізде. Ал дәстүр дегенде бізде опера театры тұр. Кейіннен балет театры да ашылды. Ол ешкімге таңсық емес. Себебі әлем бойынша бұл өнер түрлері алға қарай қарыштап кеткен. Есесіне қалада ұлттық театр әлі де жоқ. Елордада ұлттық театр ашуымыз керек. Мысалы, Алматыда «Алатау» дәстүрлі театры бар. Астана ұлттық құндылықтарымыздың локомативі болуы керек. Мұнда небір мықты әншілер, айтыс ақындары тұрады. Содан соң қаншама үлкен-үлкен сарайларымыз бар. Бірақ солар маған бос тұрған сияқты көрінеді. Мысалы, «Пирамидада», ЭКСПО жақтағы сарайда, «Тәуелсіздік» сарайында қандай шаралардың өтіп жатқанынан бейхабармыз. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласында осындай үлкен сарайлардың бірін ұлттық театр ретінде ашатын кез келді деп есептеймін. Мен мұны Халықаралық айтыс ұйымының елордадағы филиалының директоры ретінде айтып отырмын», - деді Серікзат Дүйсенғазы.
Сонымен қатар ол дөңгелек үстел барысында зиялы қауым өкілдері көтерген ұлттық мәселелерді мәслихат депутаттары назардан тыс қалдырмау керектігін атап өтті.
«Тілді дамыту үшін тек мәселе көтеріп қана қоймай, дәстүрімізді көрсететін осындай мәдени орындарымыздың болуы керек. Кешегі жырларымыз қайда? Мысалы, көшеде кетіп бара жатқан кез келген жастан жыр туралы сұрасаңыз, олар ағылшынның немесе басқа да шетелдің жырларының атын білуі мүмкін, бірақ көбісі қазақтың жарларының атын біле бермейді. Себебі насихат жоқ. Насихат болмайынша біздің ұлттық дүниелеріміз қалыс қалып қоюы мүмкін. Сондықтан ұлттық театырымыз ашылса, онда ұлттық жыр айтылады. Айтысымыз күш алады. Айтыс орталығы осы астананың төрінде болуы керек. Кезінде Мырзатай Жолдасбеков ағамыз негізін құрған жобаны қайтадан жандандырсақ деген ұсыныс айтқым келеді», - деді филология ғылымдарының кандидаты.