Тәуелсіздікті сақтауда патриот азаматтардың белсенді үлесі зор – Болат Тілепов
Сонымен қатар ол мемлекет пен әлеуметтің ауыр жүгін бөлісіп жүрген үкіметтік емес ұйым өкілдері мен қоғам белсенділеріне азаматтық үлестері үшін өзінің алғысын білдірді. «Ел азаматтарының тұрмысын жақсартып, өмір сапасын жақсарту ісінде азаматтық күштердің үлесі де, салмағы да ерекше. Ал енді өмір сапасы дегеніміздің өзі – әрбір отбасының молшылық пен берекелі тұрмысы, мықты денсаулығы, балалардың сапалы білімі мен жақсы тәлім-тәрбиесі, қауіпсіздігі мен қолайлы қоршаған ортасы. Бұл ретте негізгі басымдықты бірқатар маңызды бағытқа берген дұрыс. Біріншіден, бұл – балаларға білім мен тәрбие беру ісін жетілдіру. Айталық, мектеп жасындағы балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, тәні мен жанының саулылығын қамтамасыз ету, кәсіптік бағдар беру, олардың биік рухани келбетін қалыптастыру сияқты басқа да тақырыптар бойынша үкіметтік емес ұйымдар ден қойып жұмыс жүргізеді. Екіншіден, денсаулық сақтау және медицина сапасын арттыру бағыты бойынша оның қолжетімділігін арттыру, медициналық сақтандыру мәселесін насихаттау, пандемия сияқты қоғамдық індеттерге қарсы тұру, түрлі психологиялық-консультативтік орталықтарының жұмысын ұйымдастыру тақырыбындағы жобалар өте өзекті. Үшіншіден, халқымыздың жаппай салауатты өмір салтын жақсарту ісі бойынша тек тән саулығы, яғни спортпен шұғылдану ғана емес, рухани өмірінің тазалығы, дін мен тіл, әдебиет пен мәдениет, салт-дәстүр алға шығады. Әрине, бұл жалпы мәселелер. Десе де мұның қай-қайсысы болмасын, оны білімді де білікті азаматтарсыз, ұйымдарсыз елестету мүмкін емес. Сіздердің қолдауларыңызбен қатар, мемлекет үшін шынайы әрептестіктеріңіз қажет. Сонда ғана осындай ауқымды жұмыстарыңыз ел игідігіне жарайтын болады», - деді Болат Тілепов.