Біз Отан алдындағы борышымызды сезіндік – Бақытжан Ертаев Ауған соғысы жайлы

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Біз Отан алдындағы борышымызды сезіндік – Бақытжан Ертаев Ауған соғысы жайлы
ашық дереккөз

Шараны «Астана жастары» КММ Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды. Елордалық волонтерлер мен арнайы оқу орындарының студенттері бүгінде тарихқа айналған әскери қақтығыстарға қатысты өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ол туралы спикерлердің өз ауыздарынан естіді. «Отанға деген сүйіспеншілік – ерекше сезім. Ал соғыста патриотизмнің табиғаты бөлек. Оның қиыншылығынан өткеін адамдарды батыр деуге болады. Барлық ауғандық-жауынгерлер – батыл адамдар, батырлар. Жас кезімізде біз соғысқа дайын болдық па? Әрине, жоқ. Біз Отан алдындағы борышымыздың қандай болатынын түсіндік. Барлығына әскери жағдайда үйренуге тура келді. Ең маңыздысы – тірі қалу еді. Батальон командирі ретінде айтатын болсам, әскери әрекеттерге басшылық жасау өте қиын. Себебі шені жоғарылар әр сарбазға жауап береді», - деді Бақытжан Ертаев. Сонымен қатар генерал-майор жастарды өмірді бағалауға, ата-аналары мен жақындарына көңіл бөліп, үлкенге құрметпен қарауға шақырды. «Бұл – біздің діліміздің ең айрықша ерекшелігі. Өз Отанына пайдалы бірдеңе істегісі келетін сіздердей жастарды көргеніме қуаныштымын», - деді ол. Естеріңізге салсақ, осыдан 32 жыл бұрын, яғни 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскері Ауғанстан аумағынан шығарылды. Ал 1979 жылдың 25 желтоқсанында КСРО Қорғаныс министрінің бұйрығымен Кеңес әскері Ауғанстанға кіргізу туралы шешім қабылданған болатын. Он жылға жуық уақыт ішінде Ауған соғысына Кеңес Одағының 500 мыңнан аса азаматы қатысып, оның 15 мыңы қаза болған. Бұл майданға Қазақстаннан 22 мыңнан аса жауынгер жұмылдырылып, оның 889-ы қаза болса, 30-ға жуығы хабар-ошарсыз кетті. 3 мыңнан аса қазақстандық Ауған соғысынан мүгедек болып оралды.